Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі МӘМС жүйесіне енгізілген өзгерістер туралы айтты.

53

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында аймақтағы медицина қызметкерлерімен кездесіп, МӘМС жүйесіне енгізілген соңғы заңнамалық өзгерістер туралы айтты.

Сақтандырылмаған азаматтарға қолдау көрсетіледі

Вице-министрдің айтуынша, қабылданған жаңа шаралар МӘМС жүйесімен халықты барынша қамтуға бағытталған. Бүгінде елімізде 16,7 миллион адам сақтандырылған, бұл — халықтың 82,3 пайызы. Олардың 12,1 миллионы жеңілдік санатына жатады. Алайда, 3,3 миллион азамат әлі де жүйеден тыс қалып отыр. Солардың шамамен 1 миллионы – табысы төмен, әлеуметтік осал топ өкілдері.

«Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың МӘМС жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздардың жарнасы да әкімдіктердің жауапкершілігіне беріледі. Бұл қадамдар арқылы 2026 жылға қарай тағы 1 миллионға жуық адамды жүйемен қамту жоспарланып отыр», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Халық саны артып, жүктеме күшейіп келеді

Вице-министр денсаулық сақтау саласына түсіп жатқан қаржылық жүктемеге де тоқталды. Соңғы бес жылда халық саны 7 пайызға өсіп, өмір сүру ұзақтығы 75,5 жасқа жеткен. Бұл көрсеткіштер медициналық қызметке деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Мысалы, 60 жастан асқан адамдардың медициналық көмекке жүгінуі 28%-ға, балалардікі – 18%-ға көбейген. Сонымен қатар, бес негізгі созылмалы инфекциялық ауру бойынша сырқаттану деңгейі 9%-ға артқан. Осыған байланысты медициналық қызметтерді қаржыландыру жүйесі толығымен қайта қаралып жатыр.

МӘМС пен ТМККК біріктіріледі

Сақтандыру жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі — 2026 жылдан бастап ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) мен МӘМС пакеттерін кезең-кезеңімен біріктіру. Бұл туралы ҚР ДСМ С.Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтау орталығы басқарушы директоры Жанар Ботағарина айтты.

– Біріктіру процесі 2025 жылдан басталады. Бұл кең таралған аурулар бойынша базалық медициналық көмекті барша азаматтарға, олардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді етуге мүмкіндік береді. 2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесінде ашық әрі сақтандыруға негізделген қаржыландыру моделі қалыптасады, – деді Жанар Ботағарина.

Жоғары табыс – әділ жарна

МӘМС жүйесінде жарна есептеу тәртібіне де өзгеріс енгізілмек. 2025 жылдан бастап: Жұмыс берушілер үшін жарна есептелетін табыстың шегі 10-нан 40 ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) дейін ұлғайтылады. Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ-ға дейін. Бұл өзгеріс шамамен 9 пайыз жалдамалы қызметкерлер мен олардың жұмыс берушілеріне қатысты болады. Бұл арқылы жоғары табыс алатын азаматтардың жарнасы әділ есептеліп, жүйеге жыл сайын қосымша 200 млрд теңге көлемінде қаржы тартылады. Қаражат МӘМС аясындағы медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталмақ.

Мемлекеттік жарна көлемі өседі

2027 жылдан бастап мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне бөлінетін жарнаның көлемі кезең-кезеңімен артады. 2037 жылға қарай оның мөлшері 4,7%-ға жетпек. Бұл тәсіл азаматтар мен жұмыс берушілердің жарнасын ұлғайтпай-ақ, жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиын соңында Тимур Сұлтанғазиев денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына МӘМС жүйесінде болып жатқан өзгерістерді медицина қызметкерлеріне жан-жақты түсіндіруді тапсырды.

#МӘМСЖАМБЫЛ #ӘМСҚЖАМБЫЛ

Leave A Reply

Your email address will not be published.