https://turkystan.kz/article/265759-kelesek-mektepteri-ulttyq-zobasy-aiasynda-128-mektep-salyndy-toqaev
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек.
Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер.
Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді.
Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр», – деді Президент.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/265759-kelesek-mektepteri-ulttyq-zobasy-aiasynda-128-mektep-salyndy-toqaev