Су шаруашылығына серпін: Жамбыл облысында «Қазсушар» жаңа техникамен жабдықталды

95
Жамбыл облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы 51 жаңа арнайы техникамен толықты.
18 шілде, жұма күні ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев заманауи көліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Министр Нұржан Нұржігітов қатысушыларды Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ведомство басшысы пайдалануға берілген техникалардың су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және жаңғыртуға арналған ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынын, сондай-ақ суару маусымдарының тұрақты өтуіне сүбелі үлес қосатынын ерекше атап өтті.
Тапсырылған техникалардың қатарында экскаватор-жүктегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, су таситын көліктер, самосвалдар, автокрандар, тартқыштар, тіркемелі құрал-жабдықтар мен дизельді генераторлар бар.
– Су – тіршіліктің тұмары, өмірдің өзегі. Оны тиімді пайдалану, халықты үздіксіз қамтамасыз ету, егістіктерге уақтылы жеткізу және қоршаған ортаны қорғау – кәсіби біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне айрықша назар аударылып, ауқымды реформалар жүргізілуде
Жаңа техника мен заманауи жабдықтар – сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетіп қана қоймай, еліміздің су инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бұл шаралар өңірдегі су ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге зор үлес қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл облысында су ресурстарын басқару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2019 жылдан бері халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен өңірдің 6 ауданында жалпы ұзындығы 608 шақырым болатын су жүйелері қайта жаңғыртылды.
2 жаңа су қоймасы салынды, 19 су қоймасы жөндеуден өтіп, 1 гидробекет қалпына келтірілді.
2028 жылға дейінгі жоспарға сәйкес 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын қайта жаңғырту, 312 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу, өзен жағалауларын бекіту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу көзделіп отыр.
Салтанатты шара барысында су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен ардагерлер мен білікті мамандарға құрмет көрсетілді.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.