Мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Отырысты аудан әкімі ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі мен тиімділігі туралы аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Ғалымжан Төлеутаев баяндады. Онда есепті мерзімде халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгені, қоғамдық орындарда 500-ден астам жадынама таратылып, ондағы ақпаратта интернет-алаяқтардан қорғану жолдары көрсетілгені айтылды.
Ал, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ерлан Сейдаханов жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылық және жарақаттану профилактикасына бағытталған жадынамалар әзірлеу және таратылуы жөнінде есеп берді. Сондай-ақ, Ботамойнақ ауылдық округі аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы ауыл әкімі Ғазиз Абаханов баяндама жасады.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов көтерілген мәселелерге қатысты пікірін білдіріп, бірқатар ұсынысын жеткізді.
-Алдымызда тұрған міндет – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету және құқықтық сананы арттыру. Осы бағыттағы жұмыстарымыз нақты нәтижелерге бағытталған болуы тиіс, — деген аудан әкімі күн тәртібінде көтерілген мәселелерге қатысты жұмыстарды жандандыруды, әсіресе, ауылдық округ әкімдеріне бұл салада салғырттық танытпай, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жұмыстар атқаруды тапсырды. Берілген тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Ақпараттық медиа орталығы.