Мемлекет басшысы XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашты

34
Мемлекет басшысы XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашты
Ақорда
https://turkystan.kz/article/262913-memleket-bassysy-xi-aibyn-xalyqaralyq-askeri-patriottyq-zastar-ziynyn-asty

Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты.

Биыл Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастың басын қосқан іс-шара Ақтөбе облысында ұйымдастырылып отыр.

Слет қос атаулы датаға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев барша қатысушыларды «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды.

– Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті. Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – біздің елдерімізге ортақ тарихи мереке. Ұлы Жеңіс күнін атап өту – батыр бабалардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жадымызда жаңғырту деген сөз. Қазақстан үшін мұның мән-мағынасы айрықша. Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, азаттық пен әділдік үшін аянбай күресті. Қазақстаннан 1 миллион 200 мың азамат майданға аттанды, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Мыңдаған адам далада, зауыттар мен фабрикаларда еңбек етіп, майданға азық-түлік, қару-жарақ және оқ-дәрі жіберді. Біз даңқты ерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ешқашан ұмытпаймыз, олардың есімін мәңгі есте сақтаймыз. Батырларымыз жер-жаһандағы бейбітшілік пен тыныштық үшін аса ауыр сынақтарды еңсерді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазіргі құбылмалы, бұлыңғыр заманда біз осы тарихи ақиқатқа адал болуымыз керек, зұлмат соғыстың қасіретті сабағын ұмытпауымыз қажет

– Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.

– Қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан Армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да – Сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Тактикалық ойындар кезінде сіздерге батылдық пен шешімталдық қажет болады. Командамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе көмектесу талап етіледі. Бүгін осы жиында Қазақстанның намысын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының ең үздік мүшелері қорғайды. Жастарымыз жарысқа лайықты деңгейде қатысып қана қоймай, өздерін осы елдің қонақжай әрі кеңпейіл иесі ретінде көрсететініне сенімдімін. Осы жиыннан жаңа дағды үйреніп, адал дос тауып, керемет әсермен оралуларыңызға тілектеспін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын аясында балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысады. Пневматикалық мылтықтан ату, Калашников автоматын шашып, қайта жинаудан жарысады.

Сондай-ақ бағдарламада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны бар. Кешқұрым жастар алау басында патриоттық әндер орындайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.