ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ГАЗДАНДЫРУ БОЙЫНША БИЫЛ 64 ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

70
Биыл Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жобаға тиісті қаржы қаралды. Осы жылы 34 елді мекендегі 38 жобаның құрылысы аяқталады. Ал 16 елді мекендегі 26 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде.
Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жоспар толық орындалмақ. Қалған 42 елді мекен шалғай орналасқан, халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында аймақты табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар есебі тыңдалып, өзекті мәселелер сараланды.
Өңір басшысы газдандыру жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан аудан, қала әкімдерін сынға алып, бірқатар міндет жүктеді.
– Ең басты мақсат – біздің жеткізген табиғи газды халықтың пайдалануы. Аудан, қала әкімдері тиісті мекемелермен бірлесіп, нақты жұмыстарды жүргізу қажет. Газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Атқарылған жұмыстар бойынша күнделікті мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, аудан, қалалардағы газ нысандарына қатысты анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде ретке келтіруді тапсырамын, – деген Нұралхан Оралбайұлы кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.
Жиында өңір елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев есеп берді. Оның мәліметінше, облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен жабдықталу көрсеткіші 62,4% құрады. Оның ішінде, Түркістан облысында 85,5% халық немесе 563 елді мекен (69,7%) табиғи газбен қамтылып, өңірлер арасында 8 орында тұр.
Өткен жылы облыс аумағында 115 нысанның құрылысы іске асырылды. Соның ішінде, 70 нысанның құрылысы аяқталып, 45 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болды.
Бүгінде Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында табиғи газбен қамту деңгейі төмен. Ал, Созақ ауданы мүлдем газдалмаған. Қазіргі уақытта Созақ аудандағы АГТС мен елді мекендегі нысан құрылысы толығымен аяқталып, қосылу нүктесі Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысаны болғандықтан, жоба құрылысының аяқталуы күтілуде.
Сонымен қатар Түркістан қаласында жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тауарлық газға сұраныс артуда. Қолданыстағы қуаттылығы 100,0 мың м3/сағ құрайтын №15 «Түркістан» АГТС-і жүктемелік режимде жұмыс істеуде. Осы орайда, қаланың табиғи газ қуаттылығын арттыру мақсатында қосымша АГТС орнатуымен айналма газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазіргі таңда жобаның газ құбыры трассасының топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп, мүдделі органдармен келісілуде.
Жиын барысында жоспарлау, жоба әзірлеу бағытындағы кемшіліктер айтылып, тиімсіз жобалар ортаға салынды. Газдандыру нысандарын коммуналдық меншіктен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі талқыланып, шешу жолдары қаралды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.