2025 жылдың 10 тамызында ұлы қазақ ақыны, философы, сазгері және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Оның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына негіз болды, ал философиялық идеялары халықтың рухани дамуына терең әсер етті. Абай білімге, прогреске және бірлікке деген сүйіспеншілікті насихаттады. Оның «Қара сөздері» сияқты еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті болып, жаңа буындарды шындық пен үйлесімділікке ұмтылуға шабыттандырады.
Осыған орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекеменің қызметкерлері Тараз қалалық Абай атындағы орталық кітапханаға арнайы барды. Онда ҚАЖ қызметкерлері ұлы ойшылдың өмірі және шығармашылығымен танысты. Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын, ақынның шығармашылығы мен ой-толғамдарын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайымдау, Абай ілімінің ұлттық сананы қалыптастырудағы, білім мен тәрбиедегі орны жайлы толыққанды мәлімет алды.
– Абай бізге адамдық пен ардың, әділдік пен парасаттың жолын ұстануды үйретеді. Оның шығармашылығы арқылы біз әділеттің айнасы болуға ұмтыламыз. Хакімнің әр сөзін біздің кәсіби ұстанымымыз десек те болады. Абай айтқан әділет, ынсап пен мейірім – үш асыл іс. Осы қасиеттер – біздің күнделікті қызметіміздің өзегі, – дейді мекеме қызметкерлері.