Қыдырәлі мен Қарақаттың сүт кенжесі Аяла күні кеше ғана 1 жасқа толса, тұңғыштары Бекболат мектеп бітіруде. Иә, кезінде ата-анасының “Аяулым” бейнебаянына түскен кішкентай Бекболат дәл бүгін “жас түлек” атанып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Қыдырәлі Болманов тұңғыш атұстарының соңғы қоңырауына қатысып, барша түлектерді бүгінгі мерекемен құттықтады.
“Бүгінгі соңғы қоңырау – мектеппен қоштасу үлкен мағыналы әрі әсерлі мереке! Ұстаздар, ата-аналар, шәкірттер үшін әрі жауапты мейрам. Құтты болсын! Балаларымыз бақытты болсын!”, – деп бөлісті Болманов Instagram-дағы парақшасында.
Болманов “Хабар” арнасына берген сұхбатында баласының мамандық таңдау ісіне араласпағанын атап өтті.
“Біз жалпы мамандық таңдауға келгенде көбінесе балалардың өз еркіне, жүрек қалауына саламыз. Қолымыздан келгенше оқытамыз. Қосымша спорт, шахмат, ағылшын тіліне беріп”, – деп түсіндірді ол.
ҰБТ сынағын тапсыруға дайындалып жүрген Бекболат болашақта елшілік қызметте істесе таңғалмаңыз! Себебі жуырда ғана Астананың үздік оқушылары қатарына кірген ол “халықаралық қатынастар” мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.
“Өзім Алматы қаласында бірнеше жақсы көретін университеттерді таңдап қойдым. “Халықаралық қатынастар” мамандығын таңдап отырмын. Бүгінгі күнге байланысты қуаныш та, қимастық та бар. Барша құрдастарымды, достарымды, мектеп бітіруші жас түлектерді шын жүректен құттықтаймын”, – деді ол.