Ұлттық киім – ұрпаққа мұра

45
Ұлттық киім — халықтың рухани байлығы, өткенін сыйлап, болашағына деген сенімін білдіретін мұра.
Қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлерін дәріптеу мақсатында аудан орталығында ерекше іс-шара өтті. Орталық алаңда ұйымдастырылған ұлттық киімдердегі шеру аудан тұрғындарын таңғалдырды. Шеру барысында қазақтың қас батырларына ерекше көңіл бөлді. Олар шерудің басында, ұлттық киімдерде болып, бірінің қолында жеті қазынаның бірі тазы болса, екіншісінде айбынды құс бүркітті ұстап шықты. Бұл көрініс халқымыздың терең тарихын, дәстүрлері мен құндылықтарын бейнелеп, өткенмен қазіргінің арасындағы байланысты нығайтты.
Шеруге ауданның барша белсенді тұрғындары қатысып, ұлттық киімдерін киген күйде алаңды айнала жүріп өтті. Бұл көрініс дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен ұлттық бірліктің маңыздылығын көрсетті. Әрбір қатысушының ұлттық киімі олардың ата-бабасынан алған мәдениетінің нышаны, яғни ұрпақтар сабақтастығының белгісі болды.
Шеру барысында ауданның білім бөлімі ұйымдастырған қолөнер туындыларының көрмесі қойылды. Бұл көрмеде аудан мектептерінің оқушылары мен ұстаздарының қолынан шыққан ұлттық қолөнер туындылары, ою-өрнектер, тігін жұмыстары, қолдан салған суреттер көрмесі және басқа да шығармашылық жұмыстар көпшілікке ұсынылды. Көрме жастардың қолөнерге деген қызығушылығын арттырып, дәстүрлі өнерді сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Білім бөлімінің қолөнер көрмесі ұлттық өнеріміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына ықпал етіп, жас буынға ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға мүмкіндік берді.
Бұл іс-шара ауданымыздың мәдени өмірін байытатын маңызды оқиға болды. Ұлттық киімдегі шеру мен қолөнер туындыларының көрмесі қазақ халқының мәдени мұрасын сақтаудың, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы екендігін тағы да бір мәрте көрсетті.
Шараға қатысқан барша аудан тұрғындарына алғысым шексіз. Салт-дәстүрімізді жоғалтпай, мәдени құндылығымыз көбейе берсін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.