Жастарды ауылға апарудың тиімді жолы табылды

53

Ауылдардан жастардың жұмыс көзі табылмағандықтан кетіп жатқаны да жалған емес, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл мәселе бұрыннан бар, яки оның шешімі де табылары анық. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп әндетіп жүре беруге де болар еді. Бірақ, бұл – қоғамдағы өте өзекті мәселе.

Сонымен, жастарды ауылға тұрақтандыру бағытында не істеуге болады? Оның қандай жолы бар, мәселе көтергеннен бәрі шешіле қоя ма? Ел арасында қандай ұсыныстар айтылып жүр? Осы тақырыптар төңірегінде бірнеше мысал келтіріп, дәлел-дәйекпен жазғымыз келіп отыр.

Жастар ауылдан үдере кетіп жатыр ма?

Қазақ «үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекерден-бекер айтпайды. Мәселеге турасынан қарасақ, қазір ауыл-ауылдарда егесіз қалған аулалар, қараусыз қалған үй-жайлар баршылық. Бірақ, бұл жас маманның қажеттігін толық өтейді дей алмаймыз. Иә, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» секілді бағдарлама-жобалар бізге ауадай керек. Бірақ, олардың механизмін жеңілдетуді де қолға алған жөн. Жастар ауылдан үдере көшіп жатыр!

Ешқандай екпінмен сөйлеп, қатқыл дауыспен қатты-қатты айту бұдан құтқармайды. Мәселенің себебіне, салдарына терең үңілу маңызды. Яғни, барлық жағдайы жасалған, жастарға арналған соңғы үлгідегі тұрғын үй ауыл-ауылдарда көптеп салынуы керек. Бұған бүгіннен бастап мән берудің маңызы болашақта айқын сезіледі.

Иә, үй салумен ештеңе шешіліп кетпейтінін бәріміз жақсы білеміз. Десе де, инфрақұрылым мәселесін шешпей, ауылға жастарды байлап қойсаң да тұрмайды. Бұған дейін жазған сөзімізді тағы қайталаймыз: Жастар ауылдан үдере кетіп жатыр!

Дәл осы мәселе қозғалса болды, «ауылда жұмыс жоқ» дегенді жиі-жиі естиміз. Ол рас! Ауылға баратындардың барлығының жұмысы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес келе бермейтіні шындық. Сәйкес келгеннің өзінде, ауылда негізгі жұмыс мектеп, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, балабақша, әкімшілік, теміржол секілді санаулы салада ғана. Ол жерлерде жастарға орын табыла бермеуі де мүмкін.

Қайтпек керек?! Демек, мемлекеттік қызметтегі жас мамандардан бөлек те, ауыл жастарын жұмысқа тарту керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу кезек күттірмейді. Ол жаңа жұмыс орындары дегеніміз не болуы мүмкін?

«Бір ауыл – бір кәсіп»: Жастарды ауылға бағыттайтын жоба

Сырттан жас мамандарды алдырудан бұрын, жергілікті жастарды ауылда тұрақтандыру мәселесін бірінші орынға қою керек сияқты. Демек, әуелі қолда бар кадрларды ұстап қалуды ойлаған жөн. Өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген немесе ауылда бітірген мамандығына байланысты жұмыс күші жоқ жастарды белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа бейімдеудің, ұйымдастырудың маңызы зор. Осы орайда «Бір ауыл – бір кәсіп» деген секілді жобаны енгізуге болатындай. Яғни, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылының шаруашылығы республикаға танымал. Жайылманың бренді – қарбыз. Оны бәрі біледі. Сол секілді әр ауыл табиғи ерекшелігіне қарай, тұрғындардың бейімділігін және шикізаттың, құрал-саймандардың қолжетімділігін ескеріп, белгілі бір кәсіпке жаппай жұмылуы тиіс. Бұлай жасауға не кедергі?

Мемлекет басшысының өзі «Еңбек адамдарының еңбегі еленуі керек» деп айтты. Ендеше, ауылдың көпті көрген абыз ақсақалдары, ауыл әкімдері, ауылдың атқамінер азаматтары осы істі тезірек қолға алып, көп күттірмей бастауы керек. Өз кезегінде бұл көп шығынды қажет етпейтін жұмыс екені анық. Бұл – жастарды ауылға тұрақтандырудың бірден-бір жолы. Өйткені, жұмыс күші бар жерде, ұжымдық еңбек бар кезде ауылдан көшу дерегі азаяды. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі жанданады, жақсарады.

Шынын айту керек, қазір ауылда жол, жарық, ауызсу, аяқсу, т.с.с. мәселелердің көпшілігі өз шешімін тапқан. Десе де, қаражат ауыл халқының санына байланысты бөлінеді. Яғни, қарапайым формулаға салсақ, халқы көп ауылдар дами түседі, аз ауылдар азып-тозудың амалына түсе береді. Себебі, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Қаражат аз деп қарап жатуға әсте болмайды.

Жастарды ауылда тұрақтандырудың тағы бір жолы – инвесторларды көптеп тартып, ауылды абаттандыру жұмыстарын қолға алу. Спорт кешендерін, демалыс саябағы мен аллея, кәсіпкерлік ғимараттарын салу да маңызды. Бұл ретте ауылдан шыққан кәсіпкерлерді алдыңғы шепте ұстау керек. Меценаттарды жақсылықта жарыстырған жөн.

Жастардың бас ауыртқысы келмейтін жұмысы қандай?

«Кәсіптің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген бар. Мемлекет кәсіпкерлерге көп қолдау жасап жатыр, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Екі қолға бір күрек таппаудың салдары – ауылдан көшуге әкеліп соғуда. Сондықтан, жастар арасындағы кәсіп ашуға ынтасы бар жандарды қолдауды жалғастыра түсу керек.

Шынын айтқанда, көпшілік құжаттар жинау, бизнес жоспар жасау, грантты ұту жолдарына бас ауыртқысы келмейді. Сондықтан, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс. Жастардың қызығушылығына орай спорт секцияларын көбейтіп, жұмыс ашып, оң жамбасына сай келетін кәсіпті игеруге қолдауды аямау керек.

Жалпы алғанда, кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдаудан өзге де ауыл азаматтарының көмегі керек. Бұл дегеніміз – ауыл жастарын ұйымдастырып, басын қосып игі істерге, қайырымдылық жұмыстарына, ақы төленетін ұжымдық жұмыстарға тарту. Ауылдан көшкен, жүрегі ауыл деп соғатын түлектерді жақсы іске жұмылдыру да көптік етпейді.

Сондай-ақ, ауылдың абыройы үшін жұмыс істейтін қоғамдық қор не бірлестік секілді заңды ұйым құрып, жұмысын жүргізуді қолға алуға болады.

Мінеки, жастарды ауылға тұрақтандыру бағытында бірнеше ұсыныс-пікір айтып көрдік. Әрине, бұған әр адамның әлі де алып-қосары бар. Ең бастысы, көзбен көріп, құлақпен естіп отырғандықтан, ауылдың хәл-ахуалын барынша бағамдауға тырыстық.

Бұған дейін елімізде «Ауыл жылы» жариялаған еді. Бірақ, арада көп жыл өті. Сондықтан, ауылды дамытуды, жастарды ауылда тұрақтандыруды қолға алатын кез жетті. Ауылды дамыту – Қазақстанды дамыту. Ең бастысы, осыны ұмытпай, сөз емес, іс жүзінде кіріссек дейміз.

Фото: agroinvestor.ru

https://inbusiness.kz/kz/news/zhastardy-auylga-aparudyn-tiimdi-zholy-tabyldy?fbclid=IwY2xjawHvC75leHRuA2FlbQIxMQABHZg9SjYTIw95pija0sZPnCRxBYPU8fOBkFJBygS4FYGn-2oCel1oi8vQjg_aem_oZbq9mQ9pq_6Mc06a28HAw

Leave A Reply

Your email address will not be published.