2024 жылы Жамбыл облысы өз тарихында тұңғыш рет үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) гранттар бөлді. Бұл бастама өңір үшін жаңа белес болғаны анық.
Жалпы сомасы 16,72 миллион теңгені құраған үш грант сырт көзге азғантай болып көрінгенімен, бұл жобалар азаматтық қоғам мен жергілікті биліктің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Яғни, өңірде ардагерлерді қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Бұл қадам Жамбыл облысының әлеуетін дамытуға бағытталған нақты өзгерістердің негізін қалауға септігін тигізді десек, артық айтпаспыз.
Соңғы жылдары әлеуметтік жобалар негізінен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмі арқылы жүзеге асырылып келген болатын. Бірақ гранттық жүйенің енгізілуі өңірлердің қажеттіліктеріне жедел әрі тиімді жауап беруге жағдай жасады. Нәтижесінде міндеттерді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ сияқты кәсіби операторларға жүктеу мүмкін болды.
Орталықтың басқарма төрағасы Лима Диастың айтуынша, бұл қадам үкіметтік емес сектордың жұмысына жаңа серпін беріп, азаматтық қоғамның дамуына ықпал еткен.
Орталық 2016-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 14,8 миллиард теңгені құрайтын 842 гранттық жобаны жүзеге асырған. Ал үстіміздегі жылдың көрсеткіші – 2,8 миллиард, 200-ге жуық жоба. Оның ішіндегі 108 жоба жергілікті атқарушы органдар, 65 жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі, 17 жоба Сыртқы істер министрлігі және 7 жоба «Шелл» компаниясы тарапынан қаржыландырылған екен. Өз кезегінде бұл гранттар қысқа мерзімді (3 айдан 1 жылға дейін), орта мерзімді (1-2 жыл) және ұзақ мерзімді (2-3 жыл) болып бөлінеді.
Өңірлік ҮЕҰ-дардың бастамалары
Жамбыл облысының үкіметтік емес ұйымдары 2024 жылы жалпы сомасы 16 720 000 теңгені құратын үш жобаны жүзеге асырды. Бұл жобалар өңірдің ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
Грантты сәтті жүзеге асырудың жарқын мысалдарының бірі – JAMBYL CIVIL HUB жобасы. Бұл жобаның мақсаты – «Жамбыл облыстық Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі қызметі арқылы жергілікті азаматтық қоғамды дамытуға қолдау көрсету. Нәтижесінде жоба үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті билік және қоғам арасындағы белсенді өзара әрекеттестіктің катализаторына айналып, тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді талқылауға арналған платформа құрды. Бұл жоба ҮЕҰ үшін көкжиекті кеңейтетін мүмкіндік қана емес, сонымен қатар әртүрлі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыратын орынға айналды. Бұл өз кезегінде өңірлік ҮЕҰ-лардың әлеуетін арттыруға септігін тигізуде.
Грантты ұтып алған «Жамбыл облысы Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері жоба аясында қалалық және ауылдық ҮЕҰ басшылары үшін қаржылық сауаттылық пен бюджеттік процестерге азаматтық бақылау салаларында оқыту іс-шараларын өткізген екен. ҮЕҰ басқаруды жетілдіруге және олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген бұл оқыту шараларына 15 ауылдық ҮЕҰ өкілдері қатысқан.
Жоба жетекшілері атап өткендей, аталмыш қолдау арқылы олар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, сонымен бірге басқа ұйымдармен бірлесе отыра өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге білек сыбана кіріскен.
«Біз үшін JAMBYL CIVIL HUB жобасы тек өзара әрекеттесу платформасы ғана емес, ол өңір өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды құралға айналды. Өз қызметіміз арқылы біз ҮЕҰ, жергілікті билік және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып отырғанымызды мақтан тұтамыз. Орталық пен облыстық әкімдік тарапынан алған қолдауымыз білім беру, экология және жастар саясаты салаларында көптеген бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бергенін атап өткім келеді.
Бұл грант біз үшін тек қаржылық көмек емес, бұл біздің Жамбыл облысында азаматтық қоғамды дамытуға нақты үлес қосу мүмкіндігіміз болды. Сондай-ақ, бізге кәсібилігімен, ашықтығымен және мұқияттылығымен жобамыздың жүзеге асуына мүмкіндік берген Бірыңғай грант операторы – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-на алғысымды білдіремін. Бұл қолдау бізді жаңа жетістіктерге шабыттандырып, әлеуетімізді толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік берді», – деп атап өтті «Жамбыл облысы Азаматтық альянсы» ЗТБ-нің төрағасы Исламбек Дастан.
Грант аясында жүзеге асырылған «Ардагерлеріміз – Ардақтыларымыз» жобасы өңірдегі ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттыру мен рөлін күшейтуге бағытталған маңызды жобалардың бірі болғаны рас. Бұл жоба республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының тарапынан жүзеге асырылды.
Жоба аясында атқарылған жұмыстардың барысында ардагерлердің қатысуымен «дөңгелек үстелдер», презентациялар және диалог алаңдары сияқты 30-дан астам қоғамдық шара ұйымдастырылды. Бұл шаралардың барысында әлеуметтік қамтамасыз ету, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, сондай-ақ азаматтық қоғамды нығайту мәселелері талқыланды.
«Біз 2024 жылы Жамбыл облысында «Ардагерлеріміз – Ардақтыларымыз» атты жобаны ұйымдастырдық. Бұл жоба азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды бастама болды деген сенімдемін. Біздің мақсатымыз – ардагерлерге қолдау көрсету, олардың бай өмірлік тәжірибелерін қоғам игілігі үшін пайдалану. Біз жастарға және қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге көмектесіп, оларды өңір өміріне белсенді қатысуға ынталандырамыз. Ардагерлердің қоғамдағы рөлін нығайтудан бөлек, біз үшін азаматтық институттардың дамуына жағдай жасау және жергілікті билік пен бизнес-қоғамдастық арасында конструктивті диалог орнату маңызды болды. Біз ардагерлеріміздің көпжылдық тәжірибесі әлеуметтік мәселелерді шешуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және азаматтық белсенділікті арттыруға көмектеседі деп сенеміз», – дейді жобаның облыс үшін маңыздылығын ерекше атап өткен жоба менеджері Азамат Намелбек.
Жобаны жүзеге асыру барысында жастарды тарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Сөйтіп, ардагерлер мен жас ұрпақ бірге жұмыс істеп, сабақтастық пен бірліктің негізін қалады. Атап айтқанда, Жамбыл облысында «Қарттар кеңесі» және «Аналар кеңесі» сияқты бірнеше өңірлік конференциялар мен форумдар өткізіліп, оларға 100-ден астам адам қатысқан.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл жоба ардагерлерге түрлі кеңестер беруден бөлек, оларды әртүрлі шараларға белсенді қатысуға мүмкіндік беретін орынға айналған. Бұл егде жастағы жерлестерімізге өздерін қоғамның қажетті мүшелері екенін сезінуге де септеседі.
Жақсы болашаққа бірге: гранттар жүйесінің болашағы
Жамбыл облысында гранттық жүйенің табысты басталуы жергілікті биліктің белсенді қолдауының арқасында мүмкін болды. Облыстық әкімдік гранттық қозғалысты бастауға катализатор болып, осы бастаманы іске қосты. Жергілікті биліктің қолдауымен гранттық жүйе әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру сапасын арттырды, бірқатар міндеттерді Бірыңғай грант операторына тапсыру арқылы бұл жүйе қаржыны бөлуді айқындай түсіп, қойылған міндеттердің орындалу тиімділігін арттырды.
Орталықтың басқарма төрағасы Лима Диастың айтуынша, Жамбыл облысының әкімдігі басқа өңірлер үшін үлгі болып табылады. Бұл қадам тек ҮЕҰ-ға әлеуметтік жобаларды табысты жүзеге асыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдегі азаматтық қоғаммен ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетіп, барлығының өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін маңызды қадам жасауды айқындады. Яғни, гранттық жүйе ҮЕҰ үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ендігі кезекте олар күн тәртібіндегі маңызды жергілікті мәселелерді шешуге үлестерін қосуға мүмкіндік алды.
Гранттар енгізілмей тұрып, көптеген жергілікті ҮЕҰ өз идеяларын жүзеге асыруда түрлі қиындықтарға кезігіп келгені жасырын емес. Бірақ енді осы қолдаудың арқасында бұл ұйымдар өз жобаларын жүзеге асыру бойынша біліктіліктерін жетілдіре түсті.
«Енді әрбір ҮЕҰ, тіпті, ең шалғай ауылдардағы да кез келген уақытта қажетті көмектің қолжетімді екеніне көздерін жеткізді. Біздің мамандар оларға жобаны жүзеге асыру барысының барлық кезеңдерінде, яғни гранттық байқауға өтінім беру кезеңінен бастап, жобаны толық жүзеге асыруға дейін қолдауға дайын. Себебі, мақсатымыз – процессті барынша қарапайым әрі айқын ету, олардың орналасқан жеріне қарамастан барлық ұйымдардың гранттық байқауларға қатысуларына мүмкіндік беру. Біз гранттық жүйені барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету үшін үнемі жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жергілікті ҮЕҰ-ға адамдарға нақты пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыруға септеседі», – дейді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың басқарма төрағасы.
Орталық өкілдерінің айтуынша, Жамбыл облысының үлкен даму әлеуеті бар. Гранттық жүйенің енгізілуі арқылы ҮЕҰ-лар өз жобаларын сәтті жүзеге асырып, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында тиімді жұмыс істей алуда. Сонымен қатар, бұл жүйе азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, жергілікті билік пен бизнес-қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтты.
Бұл өзгерістер тек Жамбыл облысымен шектелмейді, жергілікті азаматтарымыздың қолға алған жобалардың нәтижесі басқа өңірлердегі әкімдіктердің өз өңірлеріндегі ҮЕҰ-дарды әлеуметтік бастамаларды тиімді қолдауға ынталандырады деп күтілуде. Әкімдік пен ҮЕҰ-ның бірлескен бұл жұмыстары, гранттық жүйенің әрі қарай дамуы мен оның жаңашылдықты қабылдау деңгейі, әртүрлі әлеуметтік топтармен диалогтың артуы, аймақтың дамуына бағытталған жаңа бастамалар – осының барлығы гранттық жүйенің жемісін көруге зор мүмкіндік болмақ.
turaninfo.kz