2025 жылдан бастап мобильді аударымдар қалай тексерілетіні белгілі болды

56

Екінші деңгейлі банктер 2025 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке азаматтардың қаржылық операцияларына қатысты мәліметтерді жіберіп отырады.

kursiv.media жазуынша, егер кімде-кім 3 айдың ішінде 100 түрлі адамнан мобильді аударым алған болса, ол азаматтар камералдық бақылауға алынуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің жалпы декларациялау және жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Мұстафина айтты.

«Біз қазіргі таңда екінші деңгейлі банктерден бірінші кезеңнің декларанттары бойынша мәліметтер алдық. Мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдардың, сондай-ақ олардың жұбайларына қатысты салықтық тексерістер жүргізіледі. Біз оларға қатысты камералдық бақылау жүргізіп, заңсыз кәсіппен айналыса ма, жоқ па анықтаймыз. Ал 2025 жылдан бастап, жеке тұлғаларға қатысты мәліметтерді алып отырамыз», – деді комитет өкілі.

Салықтық орган жеке азаматтардың заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілерін тексереді. Мұстафина жеке мақсаттарда жүргізілген мобильдік аударымдар тексеріске жатпайтынын айтты.

Сонымен бірге комитет өкілі қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты жаңа критерийлерді енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Оған сәйкес, ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы ақша аударымдарының шекті сомасы бекітілуі мүмкін. Егер аударымдар осы шекті сомадан асып кетсе, ондай есепшот иелерінің қаржылық операциялары камералдық бақылауға алынады.

Емге немесе басқа қайырымдылық мақсаттарда ақша жинайтын жеке тұлғаларға қатысты талаптар жеңілдетілген. Олардың есепшотындағы операциялар камералдық бақылауға алынбайды.

«Мұндай аударымдарға камералдық бақылау жүргізілмейді. Өйткені бұл қаражаттан заңға сәйкес, салық ұсталмайды. Өйткені ақша емге немесе басқа да маңызды мақсаттарға жұмсалатындықтан, кәсіпкерлік жолмен келген табыс көзі болып саналмайды. Егер мұндай тұлғаларға 3 айдың ішінде 100 түрлі адамнан аударым жасалған болса, салық комитеті хабарландыру жіберуі мүмкін. Мұндай кезде ол азамат 30 күн ішінде табыстың қандай мақсатта жиналып жатқанына қатысты түсініктеме жіберуі керек», – деді комитет өкілі.

Әсемгүл Мұстафина кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға төлемді кассалық аппаратта жүзеге асыруы қажет екенін ескертті. Егер төлем барысында кәсіпкер чек бермесе, бұл тұтынушының құқын шектеу болып саналады. Сонымен бірге осы сияқты бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда кәсіпкерге бірінші ретте ескерту жасалады. ал қайталанған болса, 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл ақшаға аударғанда 157 280 теңгені құрайды. (2025 жылы АЕК 3932 теңге болады).

https://buginmedia.kz/962/2025-zhyldan-bastap-mobildi-audarymdar-alay-tekseriletini-belgili-boldy?fbclid=IwY2xjawHS1-FleHRuA2FlbQIxMQABHQZ_0OBLAaXVBhLMqPFLLzbcLHUXDV9VV-j71TMRMhjVCGIN2ke3ZHwgdw_aem_Y-derJ1-HciOJvHViKkrDw

Фото: tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.