ҚАЛА ӘКІМІ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН ЖАН

27
Бүгінде Тараз қаласының көкжиегі кеңейіп, халық саны да көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде шаһар аумағында екі аудан құру қажеттілігін туындатып отыр. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңын негізге ала отырып қаланың жаңа Бас жоспары бекітілген еді. Соған сәйкес, Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 12,9 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен көне шаһарға қосылып, тараздықтардың саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Солардың қатарында Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округі де бар. Бүгінде тұрғындарының саны 5 605 адамды құрайтын округ Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе ауылдары мен Шайқорық станциясынан құралған.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар құрамына енетін елді мекендерді аралап, тұрғындарымен жүздесуде. Осындай басқосу бүгін Жамбыл ауылдық округінде жалғасын тапты. Әуелі шаһар басшысы алда тұрған ауқымды міндеттерді тілге тиек етті.
– Көне шаһарды көркейту бағытында атқарылған ілкімді істер аз емес. Енді қаланың көкжиегі бұрынғыдан да кеңейіп, жаңа елді мекендердің қосылуы жауапкершілікті одан әрі арттыра түседі. Қазір біз елді мекендердегі мәселелерді зерделеп, оларды шешу бойынша Жол картасын әзірлеуді қолға алдық. Ең әуелі облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көліктердің санын көбейтуге басымдық беріліп отыр. Сондықтан менің тапсырмаммен 2025 жылдың алғашқы жұмыс күнінен бастап елді мекендердің аумағына кіретін автобустардың бағыттарына қосымша өзгерістер енгізіліп, олардың саны артады. Тағы бір мәселе ауылдардағы зираттарға қатысты. Бұл мәселе қазір қалада толығымен өз шешімін тапты. Енді келер жылдан бастап елді мекендердегі мазараттарды да қоршау жұмыстарын қолға аламыз. Қазір жер кезегіне байланысты да бірқатар сұрақ туындап отыр. Әрине, ұзақ жылдан бері жер кезегінде тұрған азаматтардың құқығы бұзылмайды. Бұл бойынша құзырлы органдарға арнайы сұрау жолданды.
Солардың берген жауабына орай нақты шешім қабылданады. Ерекше екпін түсіре кетерлігі, арамызда ауыл шаруашылығы мақсатында бірнеше сотық жерді иеленіп отырған жандар жетерлік. Алдағы уақытта тұрғылықты мекенжайы қаланың шекарасына өткеннен кейін де олар қаласа тұрғын үй салу үшін нысаналы мақсатын өзгерте алады немесе бұрынғыдай өз жер телімін пайдалануын жалғастыра береді. Сондықтан «Кейін жеріміздің бір бөлігін мемлекет мұқтажына алып қояды» деп алаңдауға еш негіз жоқ, – деген Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындарды толғандырған маңызды сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарды.
Жамбылдықтар өз кезегінде Шайқорық ауылындағы 18, Танты мен Қоңыртөбе елді мекендеріндегі 3, Шайқорық станциясындағы 2 көшені жарықтандыру, жолдарды жөндеу, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған ескерткішті жөндеу, тозығы жеткен шағын футбол алаңшаларын жаңалау, ауылдық клубқа заманауи құрылғыларды сатып алу мәселелерін алға тартты.Басқосу соңында шаһар басшысы барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, нақты тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.