Биыл Ақмола облысының диқандары 6,6 млн тонна астық жинады

21

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласын өңір экономикасының басты драйверіне айналдыру – негізгі міндеттердің бірі. Осы ретте, биыл ауыл шаруашылығы өнімінен 1 трлн теңгеден астам кіріс түседі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе артық. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, өңір диқандары 6,6 млн тонна рекордтық астық жинады. Бір гектардан түсетін өнім көлемі 14 центнерден асты.

«Астықтың сапасы да барынша жоғары екенін атап өткім келеді. Астықтың 60%-дан астамы тауарлық сапасы жоғары бидай. Әрине, бұл ең бастысы дихандардың қажырлы еңбегі, мемлекеттік қолдау мен заманауи технологияларды тиімді әрі уақытылы қолданудың нәтижесі. Нәтижесінде, жоғары сапалы тұқымды себу мен минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі екі есе артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да маңызды. Биыл 1 239 жаңа техника сатып алынды», – деді өңір басшысы.

Президент жақында астананы азық-түлікпен қамтуда Ақмола облысының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан бұл жұмыстарды одан әрі нығайтып, өнім көлемін арттыру стратегиялық ұстаным болып табылады. Осы бағытта жақсы нәтижелер бар. Ақмола өңірі елорда тұрғындарының қажеттілігін, атап айтқанда, сүт өнімінің 50%-дан астамын, ет өнімінің 30%-н, жұмыртқаның 80%-н, картоптың 85%-н қамтып отыр. Яғни, астана тұрғындарына күн сайын 80 тонна ет өнімдері, 320 тонна сүт ассортименті, 700 мың жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізіледі.

Астананы азық-түлікпен қамтуға зор үлес қосатын бірқатар кәсіпорын бар. Алдағы уақытта олардың саны арта түседі. Бұл ретте, Мемлекет басшысы «Родина» агрофирмасының тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде тарату бойынша тапсырма берді. Бұл кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері де, әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. Сондай-ақ Целиноградта «Ен-Дала», Аршалыда «Темір Агро», Бұландыда құс фабрикасы, Ақкөлде «Еңбек» және басқалар да өз кәсіпорындарын кеңейтіп жатыр. Сол арқылы алдағы уақытта елорданы табиғи әрі таза азық-түлікпен қамту көрсеткіші арттырылады.

«Мал шаруашылығы саласында құс етінің өндірісі бойынша үздік орнымызды сақтап келеміз. Жалпы республика көлеміндегі үлесіміз 30%, ал тауық жұмыртқасы бойынша – 16%. Биыл 5 сүт фермасын іске қосып жатырмыз. Енді тауарлы сүт өндірісі жылына 30 мың тоннаға немесе 1,4 есе артады. Келесі жылы тағы екі ферма іске қосылады. Биыл жемшөп дақылдары үшін егістік алқаптарын кеңейттік. Нәтижесінде малға жеткілікті жемшөп дайындалды. Өңдеу саласында да оң серпін байқалады. Осы бағытта өңірде 67 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 10 ай ішінде 208 млрд теңгеден астам сомаға азық-түлік өндіріп, өткен жылғы деңгейге қарағанда 5 %-дан асып отыр. Бұл ретте, өңделген сүт, ірімшік пен сүзбе, өсімдік майы мен ұн өндірісі айтарлықтай артты», – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу бойынша міндет қойды. Ол үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін агроөнеркәсіп саласына 132 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, 80 жобаны іске асыру жоспарда бар. Бұл өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, олардың жүктемесі мен өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 30 млрд теңгеден астам сомаға 27 жоба іске қосылмақ. Мемлекет тарапынан да көп қолдау көрсетілуде.

Мысалы, фермерлер арасында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңіл кредит берудің «Кең Дала-2» бағдарламасы ерекше сұранысқа ие. Келесі егін егу науқанына толықтай дайындалу үшін жеңіл кредитке енді биылғы желтоқсан айынан бастап қол жеткізуге болады. Жақын күндері осы жұмыстарға арналған алғашқы 15 млрд теңгені шаруа қожалықтарына таратыла бастайды. Ал қаңтарда тағы қосымша қаражат қарастырылмақ. Бұл диқандарға жалақы төлеуді, сапалы тұқымды, минералды тыңайтқыштарды және басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді дер кезінде сатып алуға оң септігін тигізеді. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасады.

Индустриялық сектордың дамуы да қарқынды жүріп жатыр. Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Мұның 77%-дан астамын өңдеу саласы құрап отыр. Облыс республика көлемінде теміржол подшипниктерінің 100%, мамандандырылған көліктің 81%, астық жинау комбайнның 67%, құрамында алтын бар руданың 59%, трактордың 39%, өңделмеген алтынның 30%, керамикалық кірпіштің 28% өндіреді. Өңір жартылай өңделген алтын өндірісі бойынша бірінші орында тұр. Жалпы, машина жасау, тамақ өндіру және электрмен жабдықтау салаларында өсу қарқыны қамтамасыз етілді.

https://turkystan.kz/article/252802-biyl-akmola-oblysynyn-dikandary-6-6-mln-tonna-astyk-zhinady

Leave A Reply

Your email address will not be published.