Биыл алғашқы Жайлы мектептер есігін айқара ашты

17

Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Тараз қаласында заманауи үлгіде жабдықталған білім ордасы ашылды. Жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алып, жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалған Жайлы мектептің облысымызда осымен екіншісі оқушыларға есігін ашты.

Тараз қаласының «Бәйтерек» мөлтек ауданынан бой көтерген бұл мектеп 1200 орындық, білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған. Педагогтерге қажетті жұмыс аймақтарымен, бастауыш сыныптармен, негізгі және орта мектептерге жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен қамтамасыз етілген.
– Облысымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір мектеп ел игілігіне беріліп отыр. Биылғы жаңа оқу жылында дәл осындай мектеп Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында ашылған болатын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Жоба апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды жоюға бағытталған. Жалпы жоба аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланып, жыл соңына дейін қаладағы «Ұлы дала» мөлтек ауданында 1200 орындық білім ошағын ашуды жоспарлап отырмыз. Мектеп ең озық технологиялармен жарақтандырылған. Оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ, облыста ағымдағы жылы 41 білім нысанның құрылысы жоспарланып, жыл соңына дейін 15 мектептің құрылысын аяқтау көзделуде. Ал, 2025 жылы қосымша 26 білім ошағының құрылысы басталмақ. Мақсатымыз – қала мен ауыл мектеп оқушыларының білім сапасындағы алшақтықты жою, балаларымызды кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету. Бұл – олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді. Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету өңірді дамытудағы негізгі бағыттардың бірі. Өскелең ұрпақтың заманауи үлгідегі жайлы білім ордаларында сапалы білім мен саналы тәрбие алуына Ел Президентінің бастамасымен игі істер жан-жақты іске асуда. Облыстың дамуына қажетті әлеуметтік нысанның салынуына зор үлес қосқан «Samruk-kazyna construction» акционерлік қоғамына облыс халқы атынан алғыс білдіремін. Сондай-ақ, мектептің құрылысын сапалы жүргізген «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ризашылығымды жеткіземін. Қымбатты оқушылар, сіздердің алаңсыз білім мен тәрбие алуларыңыз үшін барлық жағдайды жасау – біздің басты міндетіміз. Осы білім ошағында ұстаз бен шәкірт, мектеп пен ата-ана байланысы артып, алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді де талантты, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сеніміміз мол, – дейді аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев.
Айта кету керек, енді бұл мектептің өз медиа орталығында жаңалық тарататын жас тілшілер тәрбиеленбек.
Айта кетейік, жаңа мектептің пайдалануға берілуі «Бәйтерек» мөлтек ауданында орналасқан №3 мектеп-лицейдегі үш ауысымдық мәселесін шешті. Бүгінгі күнге 1485 оқушы қабылданды, оның ішінде 1051 оқушы №3 мектеп-лицейден ауысқан. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің №57 бұйрығының 136-тармағының негізінде №3 мектеп-лицейден 45 педагог ауысу тәртібімен жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, конкурстық негізде де қабылданған мұғалімдер бар. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Тараз қаласында тағы 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның бірі 600 оқушыға арналып, «Шөлдала» алқабында салынып жатыр. Қалған екеуі «Ұлы дала» ықшам ауданында тұрғызылуда, оның біреуі 1200, екіншісі 2000 орындық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.