Мұрагерлік құқыққа қатысты даулар

22

Ағайын-туыс дегеніміз бір-біріне қолдау жасайтын, қандары бір жақын туыстар, аталас адамдар немесе солардан шыққан, өрбіген, тарағн ұрпақтар. Олар әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп, қиын кезеңдерде қол ұштарын созатын жақын адамдар. Алайда, достар қиыншылықта, туыстар мұраны бөлуде белгілі болады деген сөз бар.

Өкінішке орай, қазіргі кезде мұрагерлікке қатысты сұрақтарды шешу барысында, қандай да бір мүлікті мұраға қалдырудың соңы кей жағдайда ұрыс-керіске, дау-дамайға ұласып, бауыр-туыс арасында дау пайда болып, соттасуға дейін барып жататын жағдайлар да көптеп кездеседі.

Сирек жағдайда туыстар арасында осындай келеңсіз жағдайды болдырмау үшін немесе басқа да себептерге байланысты кейбір азаматтар мұрагерліктен бас тартып жататын кездер де кездесіп тұрады. Ал мұрагерліктен бас тарту құқығы — мұрагердің заңды әрекеттерге құрылған біржақты мәмілесі. Яғни, нәтижесінде оның ашылған мұраға қатысты мұрагерлік құқығы тоқтатылады деген сөз.

Қазіргі таңда елімізде атадан балаға қалатын мирас Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің (әрі қарай – АК) талаптарына сәйкес рәсімделеді.

Заңға сәйкес, мұрагерлік — қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға) — мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы болып табылады. Яғни, қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, егер осы бөлiмнiң ережелерiнен өзгеше туындамаса, бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде және бiр-ақ мезгiлде ауысады.

АК-тің 6-бөлімінде мұра мәселесі толық қарастырылған. Аталған Кодекстің 1039-бапқа сәйкес, мұрагерлiк — өсиет және заң бойынша жүзеге асырылады. Ал өсиет қалдырылмаған не бүкiл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген өзге де жағдайларда мұрагерлiк заң бойынша орындалады.

Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.

Сондай-ақ, мұраның құрамына мұра қалдырушының тірі кезінде ресімделмеген мүліктік құқықтарын ресімдеу үшін қажетті құқықтар, оның ішінде оларды тіркеу құқығы да кіруі мүмкін.

Жалпы, АК-тің 1042-бабына сәйкес, мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.

Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.

Сондай-ақ, мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн. Ал азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзiне тиесiлi мүлiкке билiк ету жөнiнде өз ықтиярын бiлдiруi өсиет болып танылады. Аталған өсиеттi оны жасаған кезде толық әрекет қабiлеттiлiгi бар азамат жасау қажет. Бұл өте маңызды жағдай.

Азамат өзінің барлық мүлкiн немесе оның бiр бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кiретiн де, кiрмейтiн де бiр не бiрнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етiп қалдыруға құқылы.

Айта кететін жағдай — өсиеттi өсиет қалдырушының өзi жасауға тиiс. Өкiл арқылы өсиет жасауға жол берiлмейдi.

Өсиет қалдырушы мұрагерлердiң мұрадағы үлесiн кез келген түрде белгiлеуi мүмкiн, әртүрлi мүлiкке қатысты бiр немесе бiрнеше өсиет жасай отырып, өз мүлкiне немесе оның қандай да бiр бөлiгiне билiк ете алады.

Мұра қалдырушы жасалған өсиеттiң оны жасағаннан кейiн кез келген уақытта күшiн жоюға және өзгертуге ерiктi және күшiн жоюдың немесе өзгертудiң себебiн көрсетуге мiндеттi емес.

Көп жағдайда мұрагерлік нотариус арқылы рәсімделеді.

Нотариатта куәландырылған өсиеттi өсиет қалдырушы жазуы керек не өсиет қалдырушының айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиiс.

Сонымен қатар, заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады.

Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi — тең үлеспен алады.

Заң талаптарына сәйкес, мұрагер мұраны алу үшін оны қабылдауға тиіс. Ал мұраны қабылдаған кез келген мұрагер заң бойынша мұраны бөлудi талап етуге құқылы екенін ескеру қажет.

Мұраны бөлу мұрагерлердiң келiсiмi бойынша оларға тиесiлi үлестерге сәйкес, ал келiсiмге қол жетпеген кезде — сот тәртiбiмен жүргiзiлетінін ескеріңіздер.

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы Қайрат Оразбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.