Мал базары емес, сөз базары күрделенген, кейде тереңдеген шамада қазақтың тұрғыны тығыз бірқатар өңірінде, елді мекендерінде форматы ерекше жиын түрі пайда болды. Бұл халықтың ерікті, мамыражай басқосуын жергілікті жұрт “гәп” деседі. Атауы түсінікті — көршіден келген «сөз»-дің баламасы.
Мұны алғаш естігенде бәріміз таңырқағанбыз. Бірақ қазір жұрт санасына әбден сіңіп, жергілікті дәстүрге еніп кеткендіктен, оны дұрыс атау, жүйелеу маңызды екені жиі айтылады. Негізінде, бастас яғни замандас, құрбы-құрдас, сырлас кезектесіп өткізетін жиында елдік дәстүрге қиғаш, отандық заңнамаға қайшы ештеңе де жоқ. Әңгіме-дүкен құрады, күнделікті тұрмыстық мәселелерді де талқылап, өзара материалдық-қаржылық көмек қолын созады.
Атауының бөтендігі болмаса, мұндай қауымдастық, қауышу мен кездесу еліміздің өзге де өңірлерінде бар сияқты. Басқаша айтқанда, оны ықпалдасудың, қауқылдасудың халықтық формасы, қарапайым коммуникацияның бір түрі десе болады. Бар түйіткіл — өзге тілдегі сөздің қолданысқа тез еніп кеткендігінде ғана.
Осыдан бірнеше жыл бұрын тәуелсіздікке аңсап жеткен елдерді бір түйреп өтпесе, көңілі көншімейтін “Известия” газетінде “Большой гап” деген тақырыппен сыни-сараптама жарияланған еді. Ал, мақаланың арнайы сілтемесінде өзбектің “гап” сөзін “пустой разговор, болтовня” деп аударды. Әрине, бұл мүлде қате еді. Әлішер Науаи ұрпағы тіліндегі «гәп» (сөз) — әлемнің мыңдаған тіліндегідей мағына береді.
Әлбетте, барлық ұлт та, этнос та бос сөзден, мылжың әңгімеден сақтанады.
Оңтүстік өңірлерге, тіпті Алматы шаһарына сіңісті бола бастаған бұл дәстүрді Орталық Азияның, яки үлкен Түркістан өңірінің өзін жақсы жағынан көрсеткен бір форматы ретінде қабылдап, біз де ұлттық мазмұн, тың пішін, жаңа атау (немесе барды қайта жаңғырту) бере аламыз.
Ондай жиында баршаға пайдасы мол, байсалды, байыпты әңгіме өрбісе, әлеумет бірін-бірі демеп, қолдап жатса, қандай жақсы!
Тіпті мұндай басқосулар өз халқымызда бұрын да болыпты. Мысалы, даңқты батыр Б.Момышұлы мұрасынан төмендегідей жазбаны оқимыз:
“Қыс кезінде үй мен үй кезектесіп уақыт өткізгенді «Жора боза» дейді”. Сөз түсінетін жан біледі: жора — достық рәуіші (жора-жолдас), боза — ашытылған сусын (бірыңғай ішімдік емес).
Ендеше әлгіндей жиынды, жоралғыны дамытып, неге “Жора шай” деп атамасқа? Жоқ, әлде тілдік қорыңызда жоқ жат сөзбен атау сән бе? Жер-жерде, ел-елде, тіпті ауыл-ауылда жылдар бойы үзбестен “гәп” ұйымдастырып, өткізіп жүрген замандастар бұл жөнінде не дер екен? Бәлкім, олардың түйе шөгетіндей өз уәжі бар шығар. Сонда қалың жұртшылық ортасында қолданылып жүрген халықтық бастаманың, қайырымдылық сипаты бар қауымдасу түрінің жаңаша атауына байланысты көпшілікті толғандырған мәселенің нанымды, ақылға қонымды шешімі де табылар еді.
- Дархан МЫҢБАЙ