Енді Қазақстанда Даун синдромын жүктіліктің 10-аптасында анықтай алады

19

Жаңадан енгізілген технология ел президентінің іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында қолданыла бастады.

Жаңа әдіс жүктіліктің 10-аптасынан бастап Даун синдромын 99%-дан астам дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу үшін анадан қан үлгісін алса жеткілікті.



«Әдіс ананың қанындағы ұрықтың жасушадан тыс ДНҚ-сын талдау арқылы жүргізіледі. Даун синдромынан бөлек, Эдвардс синдромы (трисомия 18), Патау синдромы (трисомия 13) және жыныстық хромосомалық бұзылыстарды анықтай алады. Процедура қауіпсіз, инвазиялық араласуды қажет етпейді. Сондықтан ана мен ұрық денсаулығына ешқандай зиян келтірмейді”, – делінген хабарламада.

Бұл тест дәстүрлі инвазиялық әдістердің, амниоцентез және хорион биопсиясы сияқты қауіпті диагностикалардың қажеттілігін азайтады. Ерте кезеңде дәл диагноз қою ата-аналар мен дәрігерлерге дайындалуға және дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай тестілеуді Қазақстанда енгізу пренаталдық диагностиканы дамыту үшін  маңызды. Тәсіл генетикалық ауруларды анықтау мүмкіндігін жақсартады. Сонымен қатар хромосомалық ауытқушылықтармен байланысты ауыр жағдайлардың санын азайтады. Денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені төмендетіп, медициналық көмек сапасын арттырады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жүктіліктердің 40% жоспарланбағаны туралы жазған едік.

Фото: pixabay
https://stan.kz/endi-kazakstanda-daun-sindromin-zhuktiliktin-10-shi-apt-410128/

Leave A Reply

Your email address will not be published.