Нәлібаев жыныстық құлдықта болған оқушыға қатысты пікір білдірді

42

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мектеп оқушысын жезөкшелікке мәжбүрлеу оқиғасы туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

Тамыз айында Қызылорда қаласында мектеп оқушылары «сыныптасын секс-құлдықта ұстаған» деп күдікке ілінді. Бұл туралы қоғамдық қорға жәбірленушінің ата-анасы мәлім еткен.

«Қызылорда облысының білім саласында зорлық-зомбылық, адам өлтіру, суицид жайттары жиі орын болады. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов екі рет сөгіс алса да, неге қызметінен босатылмады?» — деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Өз жауабында Н. Нәлібаев шынында да, өңірде осындай жағдайлар жиілегенін, тәрибе мен білім саласына қатысты жиындар мен рейдтер көптеп өткізіліп жатқанын айтты.

«Білім басқармасына біржақты қарауға болмайды деп есептеймін. Ол азамат бұған дейін білім саласында жұмыс істеп келген. Қалада білім бөлімін басқарған, мектеп директоры, аудан әкімі, қала әкімінің орынбасары секілді көп лауазымды атқарған тәжірибелі әріптестеріміздің бірі. Бір-екі кемшілік үшін әр басқарма басшысын босата берсек, бұл жақта адам қалмайды. Біз оған қатаң сөгіс бердік, алдағы уақытта нәтиже болса әріптесімізбен бірге жұмыс істейміз, тағы да қайталанса – тиісті шешім қабылданады. Алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін жұмыс істейміз», — деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, облыс басшысы жәбір көрген оқушының отбасына қолдау мен көмекті жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

«Оқушының анасы Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген. Қызылордаға келген соң сөйлестік, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, ол кісінің ұсынымдарын тыңдадық. Осы оқиғадан кейін қауіпсіздік мақсатында оларды басқа үйге көшіру туралы ұсыныс жасадық. Алайда, бас тартты. Біз әрі қарай да қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді ол.

Өңір әкімі қазір тергеу амалдары жүріп жатқанын, содан кейін толық жауап болатынына уәде берді.

«Қазір тергеу амалдары аяқталмай, сот шешімі шықпай, біреңе айтуға ертерек. Бәрі аяқталған соң, міндетті түрде кең көлемде жауап береміз. Осы салаға жауапты орынбасарым, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының басшылары осы оқиға жөнінде брифинг өткізеді», — деді Н. Нәлібаев.

Фото: freepik.com

https://www.paryz.kz/obshchestvo/43846-nalibaev-zhynystyq-quldyqta-bolgan-oqushyga-qatysty-pikir-bildirdi?fbclid=IwY2xjawGquTpleHRuA2FlbQIxMQABHZUGxrG4Ncj6zHvR6DFxgpWI5UyoTR1TVsy9CMCDwgCM5hwoZ4Isi2UVFA_aem_9E-snLhELcS5HPTYzzLDVA

Leave A Reply

Your email address will not be published.