Жамбыл облысында Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді

39

Жамбыл облысында белгілі ақын, сатирик Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Шоқтығы биік Шона» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Айтулы мерейтойға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Шона Смаханұлының жақындары мен елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарымды қаламгерлер қатысты.

Бұл күні Тараз қаласындағы №44 жалпы білім беретін мектепте орналасқан Шона Смаханұлының бюстіне гүл шоқтары қойылып, тағзым жасалды.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияны белгілі ақын Бауыржан Жақып жүргізіп отырды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев белгілі қаламгер, сатира саңлағы Шона Смаханұлының қазақ әдебиетіндегі алар орнына тоқталып, оның есімі мен мол мұрасы туған халқымен бірге мәңгі жасай беретінін ерекше атап өтті.

– Шона Смаханұлы қазақ әдебиеті тарихындағы тұғыры биік тұлғаның бірі. Жамбыл жерінің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы. Осы орайда ел арасында «Шоқ тілді Шона» атанған біртуар азаматтың мерейтойын туған топырағында атап өту – заңдылық.

Қаламгер саналы ғұмырын қазақ сатирасын дамытуға арнады. Әзілмен шығарма жазса да, оның түбінде шындығы бар екенін ойлы оқырманға жеткізуге тырысты. Ол қай кезде де ақиқаттың ақ туын жоғары көтеріп, өзінен кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге бола білді, – деген аймақ басшысы конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, риясыз алғысын білдірді.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде сатира сардарының мерейтойына арналған конференцияның тағылымдық әрі танымдық маңызы зор екенін айтты.

– Ұлттық әдебиет пен өнердің тойы — Шона Смаханұлының 100 жылдығы құтты болсын! Мемлекеттілік пен егемендікті нығайтуға, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің еңбегін Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары бағалайды. Президент тапсырмасына сәйкес есімі елге белгілі тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде атап өтілуде. Бүгінгі шара сол маңызды бастамалардың жарасымды жалғасы іспетті, – деді Мәлік Отарбаев.

Басқосуда зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар орамды ойларын ортаға салып, Шона Смаханұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

– Қабырғалы қаламгер сатиралық өлеңдерімен қатар, қазақ музыкасында өзіндік орны бар, халыққа кеңінен танымал, қайталанбас лирикалық әндердің сөзін жарыққа шығарды. «Анамның тілі» атты әуезді әнді білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл ән жүректі тербеп, көңілді кернеп, адам бойына ерекше әсер сыйлайды, – деп атап өтті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов.

– Шона Смаханұлының 100 жылдығы қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі түркі дүниесінің қуанышы. Ағамыздың азаматтық, қайраткерлік тұлғасы киелі ана тіліміздің жанашыры ретінде ұлт қайраткерлерінің ішінде ерекше биік көрінді. Ол қазақ кітаптарының насихатталып, кең таралуына бар күш-жігерін жұмсады. Алматыда қазақ мектептерін ашу жолындағы қайтпас-қайсар, табанды ерен еңбегін жанқиярлық ерлік деп бағалаймыз. Ұлт алдындағы перзенттік парызын адал орындап, Таласта туып, түркі әлемінің көгіне түлеп ұшқан сатира сұнқарының әдебиет пен қоғамдағы орны мәңгілік биік төрде, – деді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы Астана, Алматы қалаларындағы мектеп пен көшенің біріне Шона Смаханұлының есімін беруді ұсынып, ұлыларды ұлықтау – ұрпақ ісі екенін алға тартты.

Бұдан бөлек, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебай, Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы Ермахан Шайхыұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Абдезұлы, ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек, жазушы, драматург Елен Әлімжан, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, ақын, сатирик Алпысбай Боранбаев сөз сөйледі.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Ер Шона» атты жинақтың тұсауы кесілді.

Тағылымды шарадан жиналған көпшілік келелі ой түйіп тарқасты.

Қоғам қайраткерінің 100 жылдық мерейтойы «Ер Шона» атты әдеби-музыкалық кешпен түйінделді.

Игі шара Ш.Смаханұлы туралы естеліктермен басталып, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің орындауындағы Шонаның өлеңдеріне қойылған композициямен жалғасты.

Кеш аясында ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, арнау өлеңдер оқылды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.