Кейінгі жылдары ауданымыздағы өндіріс ошақтарының саны артып, қосымша жұмыс орындары ашыла бастады. Бұл ретте ауданымыздан кәсіп ашуға ниет білдірген инвесторлардың алатын орны ерекше екенін айта кеткен жөн. Әсіресе, «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағына қызығушылық танытатын ірі серіктестіктердің қатары қалың. Бұл ретте жергілікті әкімдіктің алдында тұрған негізгі міндет — ауданның әл-ауқатын арттыруға ниетті инвесторларға көмек қолын созып, барынша қолдау көрсету екені анық.
Бүгін дәл осындай іргелі серіктестіктердің бірі — «Altynalmas Reagents» ЖШС-нің өкілдерімен кездесіп, түрлі мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ кәсіпорынның алдағы жоспары мен өзге де мәселелер бойынша пікір алмастық. Басқосу барысында серіктестіктің бас директоры Уалихан Атагелдиев алтын өндірісіне айрықша қажет бағалы металды басқа қоспалардан ажырату үшін қолданылатын натрий цианидін өндіруге ниетті екендерін жеткізді. Жалпы жобалық құны 45 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істегенде жылына 25000 тонна натрий цианидін өңдеуді көздеп отыр. Дайын өнімдерін көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттеріне экспорттау жоспарлауда.
Қазіргі таңда серіктестікке арнайы экономикалық аймақтан жер бөлініп берілген. Бас директоры зауыттың құрылысы келесі жылдың басында басталып, оның механикалық бөлігі 2026 жылдың соңында аяқталатынын жеткізді. Кездесу барысында серіктестік өкілдері жұмыстың негізгі бөлігіне қолбайлау болып отырған мәселелерді жеткізіп, ол жан-жақты талқыланды. Бұдан бөлек, серіктестіктің жергілікті тұрғындар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі туралы да сөз болып, өз ойымызды ортаға салдық. Өз кезегінде серіктестік өкілдері аудан тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетуге мүдделі екендерін айтты. Тиісінше біз де кәсіпорынның жұмысын жандандыруға мейлінше қолдау білдіретінімізді, түйткілді мәселелерді оңды шешуге атсалысатынымызды жеткіздік.