ТАРАЗДАҒЫ РЕСПУБЛИКА КҮНІ

41
Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Әуелі сөз алған шаһар басшысы жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Осыдан тура 34 жыл бұрын, яғни 1990 жылы еліміздің егемендігін айғақтайтын арнайы Декларация қабылданып, тәу етер Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадам жасалғаны тарихтан мәлім. Соның арқасында бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, зайырлы да дербес мемлекет атандық. Содан бері еліміз дамудың даңғыл жолына бет түзеп, әлемдік өркениет көшіндегі өз орнын айқындап келеді. Осы уақыт аралығында толайым табысқа кенеліп, барлық салада биік белестерді бағындырдық. Еңселі егемендігіміз өңірлердің де өркендеуіне тың серпін беріп, халқымыздың әл-ауқатының артуына оң септігін тигізді. Тәуелсіздікпен бірге түлеген көне шаһар – Тараз қаласында да баянды бастамалар мен жарқын жобалар жүзеге асты. Бұл бағытта атқарылған ауқымды жұмыстар жұртшылықтың көз алдында. Айталық өнеркәсіп, білім, инфрақұрылым, экономика салаларында ілкімді істер қолға алынды. Мұның барлығы айшықты азаттығымыздың арқасы екені даусыз. Сондықтан бұл ұлық мерекенің баршамыз үшін тағылымы терең, мазмұны зор, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қаланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы мен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, арнайы Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.