Облысымызда “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолдың 500-ге жуық шақырымы 6 ауданнан өтіп жатыр. Бұл жолмен тәулігіне 8 мыңнан аса көлік өтетінін ескеріп, сервистік қызмет сапасын арттыру үшін тиісті талдау жүргізіліп, қосымша жұмыс көлемі анықталды. Ендігі жерде кәсіпкерлерді тарта отырып, бұл жұмысты атқару міндеті тұр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын іске асыруға арналған облыс активімен өтіп жатқан жиында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов мәлімдеді.
Сондай-ақ, өз сөзінде Асқар Исабекұлы өзге де маңызды салаларға тоқталды.
– Өткен жылы облыста 45 мектеп жаратылыс пәндерін ағылшын тілінде оқытса, биылғы оқу жылында 277 мектепте 4 пәнді ағылшын тілінде оқыта бастады. Облыста «Назарбаев зияткерлік мектебінің» озық тәжірибесі 7 мектепке енгізілген, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, А. Мырзахметов облыса 2018-2019 оқу жылында облыстың барлық мектептерінде 1-ден 8-ге дейінгі сыныптарда оқушылардың өз әрекетін бақылау және бағалай білу, функционалдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік беретін жүйе енгізілетінін атап өтті. Бұған 2019-2020 жылдары қалған сыныптар көшетін болады.
Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға берілді. Үш ауысымда жұмыс істейтін 3 мектептің, апатты жағдайдағы — 3, орын тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешілді. Биыл педагогтарға ұлттық біліктілік сынағы енгізілді. Аттестациялау нәтижесінде облыстың 2 мыңнан астам мұғалімінің лауазымдық жалақысына 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақы биылғы 1 қыркүйегінен бастап төленуде. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 30 алғашқы-медициналық нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал, бюджет есебінен – 9 нысан.
Бұдан бөлек, Асқар Мырзахметов жастар кәсіпкерлігін дамыту қолға алынатынын мәлімдеді. Бүгінде, Zhas Project бастамасы бойынша, 222 жоба мақұлданған. Оған 335 млн теңге бөлінді. Өңір басшысы осы жобаның баламасын жасауды енді Жастар басқармасына тапсырды.