Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі

54

ХХ ғасырдың ағартушысы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Егер біз қазақ деген ұлт болуды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» — деген сөзінің мағынасына мән берсек, кез-келген ұлттың қалыптасып дамуына, мәңгі болуына тілдің орны ерекше екендігін ұғынамыз.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл — қазақ тілі» — деп айтқандай еліміз Тәуелсіздік керегесін кеңінен ашқалы тіл мәселесіне ерекші көңіл бөлініп келуде.

Ата Заңымыздың 7 бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі» — деп тайға таңба басқандай айқын бекітілді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып белгіленді.

Биліктің бір тармағы ретінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің рөлі ерекше. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 — 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сот ісін жүргізуде қазақ тілін қолданудың проблемалық тұстарын көрсетіп, оны шешудің арнайы тетіктерін, іс-шаралар жоспарын бекітті.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14 бабының 2 бөлігі «Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді» — деп көрсетті. Яғни соттың өз бастамасымен сот ісін жүргізудің тілін таңдауға немесе оны өзгертуге құқығы жоқ екендігін білдіреді. Бірақ,  істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.

Қазақ тілінің қолдану аясының кеңеюі, әсіресе сот жүйесінде дамуы өз құқықтарын, бостандықтарын қорғауға жүгінген азаматтарымыздың, заң көмегін көрсетуге маманданған заң қауымдастықтарының еншісінде екендігін ұмытпайық. Әрине соттың да сапалы түрде мемлекеттік тілде сот процесін жүргізе алуы, сот актілерін де әзірлеуі өз септігін тигізері анық. Сондықтан әрқайсымыз тілдің ұлт болашағында алар орнын терең ұғынуымыз қажет. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей келе, бойында тілге деген құрмет, махаббат сезімін ояту әрбір ата-ананың парызы. Сонда ғана болашағымыз жарқын, әрі мәңгілік болмақ.

Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» — деп айтқаны бекер емес…

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық  әкімшілік сотының судьясы                                      Г.М.Қожантаева

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.