«МАРАЛТАЙ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

80
Жақында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын насихаттау, талантты тұлғаның шығармашылығын халық игілігіне айналуына жол ашу, жас ақындарға рухани қолдау көрсету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен аудандық «Маралтай оқулары» байқауы өткізілді.
Байқау 6-11 сынып оқушылары арасында өтіп, оған 14 мектептен 18 оқушы қатысты. Байқау екі номинация бойынша, яғни байқауға қатысушы Маралтай Райымбекұлының өлеңдерін мәнерлеп оқу, жатқа көп білу және өз жадынан ақынға арнау шығару болды. Осы арқылы қатысушылар ақынның шығармашылық-адами қабілетін, қазақ поэзиясында алатын орнын, туып-өскен жерінің шежірелі тарихын өз жырларына қоса білді.
Байқауда қазылар алқасы үміткерлерді бағалау кезінде, өлең жырлардағы сөз колданысына, ой жүйелігіне, көркемдік ерекшелігіне, шығармаларын жатқа, мәнерлеп оқу шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына және сахна мәдениетіне назар аударып, бағалады.
Нәтижесінде, бірінші номинация бойынша А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әмина Совет, екінші номинация бойынша Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 11 «б» сынып оқушысы Сәкен Сағадин облыстық «Маралтай оқуларына» жолдама алды. Ал байқауға қатысушылар Алғыс хаттар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.