Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның Атқарушы хатшысы Армида Алишахбана бастаған БҰҰ делегациясымен кездестім. Кездесуде су саласын цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқыладық.![]()

Бүгінде министрлік Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесе су тасқынын болжау және модельдеу бойынша TALSIM (Германия) және Delft-FEWS (Нидерланды) жүйелерін Қазақстанға бейімдеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын аттыру және білікті кадр дайындау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Еліміздегі 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Биыл «Болашақ» бағдарламасына су саласының мамандықтары қосылды. Қазақстандық 2 университет Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қосдипломды білім берудің бірлескен бағдарламасын іске қосты. Тараз қаласында жеке Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды.![]()

Ендігі мақсатымыз — осы оқу орындарына шетелдік үздік профессор-оқытушыларды әкелу. Біз Қазақстанға келуге ниетті немесе қашықтан оқытуға дайын мамандармен жұмыс істеуге әзірміз.
Армида Алишахбана министрліктің су ресурстарын дамыту және қорғау, сондай-ақ Арал теңізін қалпына келтіру жобаларын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Халықаралық Аралды құтқару» қорына төрағалығы аясында Орталық Азия мемлекеттерінің трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мәселесін реттеуге көмек көрсетуге ниет білдірді.