Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтуде. Брифингте шаһар басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасауда.
– Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 433 мыңнан аса халық тұрады. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы Заңына сәйкес, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады.
Ағымдағы жылғы 29 қаңтардаҮкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Осы Бас жоспарда қала аумағында екі аудан құру қарастырылған.
Аталған жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп көзделуде, – деді шаһар басшысы.
Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін, Тараз қаласында 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады.
Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етпек. Әрине, әлеуметтің әлеуеті артуы үшін өндіріс өркендеуі қажет. Сондай-ақ экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тарту қажет.
Тараз қаласы