Қала әкімі жас өрендерді Білім күнімен құттықтады

1 188
Білім күніне орай Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясында «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.
– Биылғы жаңа оқу жылын Тараз қаласы бойынша жекеменшік, кешкі мектептерді қоса алғанда 89 білім ордасында 85 мыңнан астам бала бастамақ. Оның ішінде 8 257 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан мемлекетіміз жас өрендердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Айталық, Білім күніне орай бүгін «Арай» алқабында – 600, «Казарма» алқабында 180 орындық оқу ордалары пайдалануға берілді. Бұған қоса, ағымдағы жылы шаһарымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Ұлы дала» ықшамауданында 3200 орындық 2 мектеп, «Шөлдала» алқабында 600, «Бәйтерек» ықшамауданында 1200 орындық білім нысандарының құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, №15 мектеп-гимназиясы жанынан 300 орындық жапсарлас ғимарат бой көтеруде. Сондай-ақ жылдан жылға мектептеріміздің материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Әрине, мұның бәрі мемлекетіміздің білім саласына айрықша назар аударуының арқасында жүзеге асырылуда, – деген шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Бұдан кейін Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай жылы лебізін арнаса, мектеп директоры Салтанат Төлеу өткен оқу жылында қол жеткізген толағай табыстарға кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндер алғашқы қоңырауды соғып, ән шырқап, тақпақтарды жатқа оқыды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.