Жамбыл облысында 100-ге жуық мектеп ағымдағы жөндеуден өтті

489

Жамбыл облысында 2024-2025 жылдары аралығында 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 18 білім беру нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Оның 6-уы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында қолданысқа беріледі.

Бұдан бөлек, 9 білім ұясы мен 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал, 96 білім нысанын ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған.

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Алдағы жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралған басқосуда облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымы 248 мыңнан аса оқушыны қабылдайды деп күтілуде. 1-сыныпқа болжам бойынша 20 800 бала қабылданады.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақ, киім-кешек және жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге 5,6 млрд. теңге бөлінді. Оқу жылына киім-кешек алу үшін әр балаға 47 389 теңгеден берілді.

«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы жалғасуда. Бүгінге дейін демеушілердің есебінен 1 481 балаға 38 млн.747 мың теңгенің көмегі көрсетілді.

1-4 сыныптағы оқушылар ыстық тамақпен толық қамтылады.

Басқосуда полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрмет Мәжікенов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы хабарлама жасады.

Ербол Қарашөкеев жауаптыларға оқушыларды 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етуді, облыстағы оқу орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін анықтауды, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларын жіті тексеруді тапсырды. Бұдан бөлек, білім мекемелеріне қажетті көмірдің сапасына назар аударып, қазандыққа жауапты мамандарды оқудан өткізуді ұсынды.

Білім, құрылыс басқармалары мен аудан басшыларына жоспарланған жұмыстарды назардан тыс қалдырмай, мектептердің сапалы әрі мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді талап етті.

— Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына баса мән беріліп, оқушыларды табиғи таза өнімдермен қамту маңызды, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.