Мерейлі мемлекетіміздің сыбағасына бұйырған тәу етер киесі – Тәуелсіздігі болса, сол Тәуелсіздіктің көздің қарашығындай сақтайтын құндылықтары – Рәміздер. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Біз асыл құндылықтарымызды аяқ асты етуге жол бермейміз. Былтырғы жылы мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз” – деген болатын. Сондықтан Қазақстанның басты төлқұжаттары – мемлекеттік нышандарымызды құрметтеу – әрбіріміздің абыройлы міндетіміз екендігін жанымызбен түйсінуіміз керек.
Осыған орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен ҚР-ның мемлекеттік рәміздерін пайдалану және қолданылуына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша комиссия отырысы өтті. Оған мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану ісіне жауапты мамандар қатысты.
Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айтолқын Ченсызбаева баяндама оқыды. Ол өз сөзінде мемлекеттік рәміздерді қолдану Конституциялық Заңмен, Үкіметтің 3 қаулысымен және 2 мемлекеттік стандартпен реттелетінін, Конституцияға сәйкес әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті екендігін, сондай-ақ, рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейтіндігін атап өтті.
Осыған орай, бөлім тарапынан ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына Мемлекеттік рәміздердің қолдануына зерделеу жүргізілген екен. Яғни, республикалық инспекциялық топ тарапынан 1 рет, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы тарапынан 2 рет және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі тарапынан 4 рет зерделеу жұмыстары және 1 рет түнгі жарықтандыру бойынша рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде, бірқатар мемлекеттік мекемелерде Заң бұзушылықтар анықталып, орын алған кемшіліктер уақытында жойылған.
Мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолданылу жай-күйіне жүргізілген тексеру қорытындысын мұқият тыңдаған Найман Кенжеханұлының айтуынша, рәміздерді насихаттау және құрметтеуге бағытталған шаралар ұдайы ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуі тиіс.
Бұған қоса, ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №137 бұйрығына сәйкес жою актісі жасалынып, Ту 2,5 мм көлемде кесіліп, өртеу жолымен және Елтаңба үгітіліп, жерге көму арқылы жүзеге асырылатынын да ескертіп өтті.
Жиын соңында қатысушылар көкейінде жүрген сұрақтарына толыққанды жауаптарын алды.