Жамбылдық Батыр

548

Қазақ бокс мектебі бүгінде әлемдік деңгейде танылып үлгерді. Әсіресе, кәсіпқой бокста былғары қолғап шеберлерінің айы оңынан туып, теңіздің арғы бетінде атой салуда. Қарсыластарын қоғаша жапырып жатқан қандастарымыздың қатарында жамбылдық жампоздар да бар. Соның бірі – Батыр Жүкембаев.

Батыр Жақсыбайұлы қазір Канада мемлекеті Монреаль қаласында тұрып жатқандықтан, оның шыққан тегі жайлы көпшілік біле бермеуі мүмкін. Алайда, батыр ұлымыз Жамбыл облысының Шу ауданында 1991 жылы жарық дүние есігін ашқан. Қарапайым отбасында тәрбиеленген оның тума таланты бала кезден байқалады.
12 жасынан бастап спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленген Батырдың болашағы мұхиттың арғы бетіндегі мемлекетпен байланысады деп ол кезде ешкім ойламаған шығар. Бірақ, жастайынан тіл білуге құмартып өскен оның жүрегі жат жерде жүріп, қазақ атын танытуды сезгендей.
Батыр әуесқой бокстың әліппесімен алғаш танысқан тұста-ақ талайды таңғалдыра бастайды. Ел біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы атанып, Сағадат Нұрмағанбетов атындағы халықаралық додада екі мәрте топ жарады. Бұдан бөлек, Украина, Ресей, Финляндия, Куба, Қытай мемлекеттерінде жалауы желбіреген жарыстарда да жасындай жарқылдап, ел, облыс мерейін үстем етеді. Нәтижесінде 250-ге жуық жекпе-жек өткізген саңлақ оның 200-інде жеңіске жетеді.
2015 жылы Жүкембаев спорттық манса­бында кәсіпқой боксқа бет бұрады. 24 жасар жамбылдық жампозға канадалық белді «Eye of the Tiger Manegement» промоутерлік компаниясының өзінің көзі түседі. Батыр тіпті ешқандай көрілім, қаралым, спаррингтен өтпей, атақты промоутер Камиль Стефанмен келісімшарт бекітеді. Осы сәттен бастап Батырдың кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы жұлдызды дәуірі басталады. Дебюттік жекпе-жегін осыдан үш жыл бұрын өткізген жерлесіміз осы таңға дейін 13 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетіп отыр. Оның 11-і нокаутпен. Және Батырдың жұдырықтасуындағы басты ерекшелігі – ол қарсыласын шаршы алаңда бір минутқа да шыдатпайды. Қос қолымен бірдей еркін жұмыс жасай алатын жампозымыз жекпе-жекті бірінші раундта аяқтауды әдетке айналдырған.
Ал, өткен жылы Жүкембаев мексикалық Косме Риверамен қолғап түйістіріп, Халықаралық бокс ұйымының (IBO) әлем чемпионы атағына үміткер бола алатын вакантты белдігін жеңіп алды. Бұл оның кәсіпқой бокстағы алғашқы белбеуі болатын. Алайда, биыл Канаданың Монреаль қаласында өткен титулдық кездесуде жерлесіміз аргентиналық Джонатан Хосе Энисті 7-раундта теxникалық нокаутпен тізе бүктіріп, WBC тұжырымының аймақтық «Continental Americas Super Lightweight Title» чемпиондық белдiгiн иеленді. Бұл белбеу былғары қолғап шеберіне әлем чемпионы атануға жол ашып отыр.
Жасырып қайтейік, Батырдың ендігі арманы төрткүл әлемде теңдессіз боксшы атану. Қазірдің өзінде әлем сарапшылары Жүкембаевты Головкиннен де қауіпті боксшылар қатарына жатқызып отыр. Сондықтан, үлкен бокста «777» лақап атымен белгілі саңлағымыздың болашағы әлі алда деп сенеміз. «7 саны қазақта қасиетті саналады. Сол себепті, «777» лақап атын арнайы таңдадым. Бұл менің қазақ екенімді және жүрегім әрдайым Қазақстан деп соғатындығын айғақтайды. Менің үлкен арманым – елімнің атын әлемдік деңгейде асқақтату», – дейді Батыр.
Жат жерде жүрген осындай жаужүрек ұландарымыздың бары біз үшін үлкен абырой әрі мақтаныш.
Жарайсың, жамбылдық жампоз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.