САРЫСУДАҒЫ «ЖАЗҒЫ ФЕСТИВАЛЬ»

310
ЖАСТАР АРАСЫНДА "ЖАЗҒЫ ФЕСТИВАЛЬ" ЖАЙДАРМАН ОЙЫНЫ ӨТТІ
12 тамыз елімізде Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтеді.
Жастар барлық жақсы істердің жаршысы, қолдаушысы әрі бастамашысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап көрсеткендей, білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді. Жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс.
Бүгін мерекеге орай, ауданымызда Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Сарысу ауданы әкімінің кубогі үшін» «ЖАЗҒЫ ФЕСТИВАЛЬ» жайдарман ойыны өтті.
Аталған шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы қатысып, жастарды Халықаралық жастар күні мерекесімен құттықтады. Жайдарман ойынына Шымкент, Тараз қалаларынан, Меркі ауданынан келіп қатысқан командаларға алғысын білдіріп, жастардың зор жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Жайдарман ойынына қатысушы барлық командаларға сәттілік тіледі.
Ауданда жастар саясатын іске асыруда белсенді еңбек етіп, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ жастар аудан әкімінің, «Аманат» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен, қаржылай және заттай сыйлықтарымен марапатталды.
«Сарысу ауданы әкімінің кубогі үшін» өткен жайдарман ойынына 7 команда қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Әділқазылар алқасының шешімімен тартысты өткен ойында бас жүлдені тараздық «Тараз — 2004» командасы жеңіп алса, жүлделі бірінші орынды Меркі ауданынан келген «Меркурий» командасы, жүлделі екінші орынды Тараз қаласынан келген «Құмшағал» командасы иеленді.
Екі үшінші орынға Шымкент қаласының «Бұйырса» және Жаңатас қаласының «Дегерес» командалары ие болды.
Жарыс соңында аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы ойынның жоғары деңгейде өткендігіне тоқталып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Жарыс жеңімпаздарын, жүлдегер командалар мен барлық қатысушы командаларды, үздік ойыншыларды арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтардың сертификатымен аудан әкімі Сәкен Мамытов, еңбек ардагері Сағындық Бегеев және «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев марапаттады.
Жарыстың кубогын бас жүлдені иелеген «Тараз — 2004» командасына аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы өзі табыс етті.
Мерекелік шара барысында зал толы жайдарман сүйер жанкүйер жастар ойыннан керемет әсер алып, шапалақ ұрып, қолдау көрсетіп отырды.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.