Германияда қазақ әйел жоғалып кетті – министрлік пікір білдірді

110

Германияда қазақ әйел жоғалып кетті – министрлік пікір білдірді
 facebook/Гүлмира Әбіқай

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз мәслихатында Германияда жоғалған Қазақстан азаматы туралы пікір білдірді.

«2024 жылғы 5 маусымда Майндағы Франкфурт қаласындағы (Германия) Қазақстанның бас консулдығына Қазақстан азаматтарынан 2024 жылғы 3 маусымында қызы жоғалып кетуіне байланысты арыз түсті. Бас консулдық осы істі өтініш келіп түскен сәттен бастап ерекше бақылауға алды. Ақпарат түскен сәттен бастап біздің дипломаттар жергілікті полицияға хабарласып, полиция өз кезегінде жедел іздестіру іс-шараларын бастап кетті. Елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қылмыстық істің мән-жайы жария етілмейді және оған біздің тікелей араласуға құқығымыз жоқ», — деді ресми өкіл.

Айтуынша, қазақстандық дипломаттар жоғалған қыздың туыстарымен тікелей байланысты.

«Қазіргі таңда Германяиның сыртқы істер министрлігіне бұл істі ерекше бақылауға алу және барлық қолғабыс көрсету туралы арнайы хат жолданды. Жақын арада неміс тарапымен бірлесіп, туыстарына виза алуға жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, Қазақстан азаматының жоғалып кеткені туралы журналист Гүлмира Әбіқай 8 маусым күні Facebook-тегі парақшасында жазған болатын.

«Германияда қазақ қызы жоғалды! Айгүл Сайлыбаева Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Ол күйеуі Александр Донцовпен бірге 2019 жылы елден кеткен. Өзінен біраз жас кіші, бірнеше шет ел азаматтығы бар күйеуімен әлемнің біраз елінде тұрып келген. Ресей, Американы айналып, соңғы кезде Германияның Бейншейм шаһарына тұрақтаған екен», – деп жазды журналист.

Журналист жазбасында әйелдің 4 күннен бері елдегі туыстарымен байланысқа шықпағаны жазылған. Айгүлді бауыры Қанат Сайлыбаев іздеп шарқ ұрып отыр. Ағасының айтуынша, бұрынғы судья күйеуі мен енесінен шет елде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген.

«Қазір бұл мәселеге СІМ араласты, Бейншейм полициясына арыз берілді. Алайда, күйеуі әйелін көрмедім, білмедімнен әрі аспай отыр. Ал енесі Натальяны неміс полициясының өзі таппай жатыр. Белгілісі, Айгүл мен Александрдың арасында 3 жасар Жаклин есімді қызы бар, ол Германия азаматы. Ал күйеу баланың кім екені, мамандығы мен жұмысы, табысы, жалпы немен өмір сүретінінен қайын жұрт еш хабарсыз екен», – дейді Гүлмира Әбіқай.

https://turkystan.kz/article/244378-germaniiada-kazak-iel-zhogalyp-ketti-ministrlik-pikir-bildirdi

Leave A Reply

Your email address will not be published.