Облыс әкімі Жамбыл ауданындағы бірқатар нысандарды аралады

258
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралады.

Аймақ басшысы алдымен Аса ауылындағы «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС қызметімен танысты. Зауытта АИ-92 бензині, дизель отыны, керосин, мазут және жеңіл дистиллят өндіріледі. Кәсіпорын 350 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Өткен жылы газ өңдеу зауыты 19,4 млрд. теңгеге 107,9 мың тонна өнім шығарды.

Ербол Қарашөкеев өндіріс көлемінің төмендеуі компанияның жұмысшылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуына әсер етпеуі тиіс екенін, оның басым бөлігі жергілікті тұрғындар екенін атап өтті. Облыс әкімі кәсіпорынды жұмысын жандандырудын маңыздылығын, осы бағытта қолдау мәселелері орталық атқарушы органдармен бірлесіп қарастырылатынын атап өтті.

Ал, 2004 жылы салынған аудандық орталық аурухана ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін бюджеттік өтінім берілетінін және жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктелетінін баса айтты. Аймақ басшысы тұрғындардың шағымдарын ескере отырып, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға баса көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев 6 жолақты теміржолдан жаяу жүргіншілер үшін салынып жатқан аспалы көпірдің құрылысымен танысты. Облыс басшысы нысанды сәуір айында аяқтауды тапсырды.  Көпір жақын маңдағы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Мұнда мүгедектігі бар тұрғындар үшін арнайы жеделсаты қондырғысы да қарастырылған.

Жауапты тұлғаларға құрылыстың сапасын қатаң бақылау тапсырылды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.