КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

158
Өткен жылы өңірімізде орын алған су тапшылығын ескере отырып, биыл су шаруашылығын дамыту мақсатында қолда бар ресурстарды мейлінше және тиімді пайдалану үшін кешенді жұмыс жүргізілуде.
Жақын күндері көктемгі дала жұмыстары басталады.
Осыған орай, шаруаларды вегетациялық кезеңде су жеткізу үшін «Қазсушар» компаниясымен алдын ала келісім-шарт жасауға шақырамын. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге, вегетациялық кезеңде мәселе туындатпауға, шаруа қожалықтарына су беру қызметтерінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек егістікті әртараптандыру, ылғал көп қажет ететін дақылдардың аудандарын қысқарту жұмыстары жалғасуда.
Шаруалардан егістіктердің ауыспалы тәртібін сақтауды сұраймыз.
Бұл жұмыстарға салалық басқармалармен бірге аудан әкімдіктері де барынша атсалысуы тиіс.
Сондай-ақ, шаруалардың назарына атқарылған жұмыстардың нәтижелерін ұсынғым келеді.
Біріншіден, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту. 2026 жылға дейін жалпы сыйымдылығы 43,2 миллион текше метр болатын 12 су қоймаларын салу жоспарлануда. Меркіде үш су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Биыл «Жамбыл су қоймалары» КММ меншігіндегі тоғыз су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекетінің құрылысы аяқталды.
Осы жылы 72 суару жүйесін жаңғырту көзделуде. Облыс аумағында барлығы 655 шақырымнан астам канал жөнделді. 2024-2025 жылдары өңірде тағы 200 шақырымды құрайтын каналды қайта жаңғырту қарастырылуда. Сондай-ақ биыл ұзындығы 128 шақырым болатын 14 каналды бетондау жұмыстары басталуы тиіс.
Екіншіден, су ресурстарының жаңа көздерін іздеу. Қазірге дейін 106 ұңғыма бұрғыланса, бұл 3,6 мың гектарды сумен қамтуға мүмкіндік берді.
Үшіншіден, су шығынын мейлінше азайту. Өткен жылы су үнемдеу технологиялары қолданылған егіс алқабы 57 мың гектардан асса, биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, шетелдік компаниялармен ирригациялық жабдықтар шығаратын зауыт салу бойынша келіссөздер жүруде.
Шаруаларға жабдықтарды сатып алуға және қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды субсидиялау 50 пайыздан 80 пайызға ұлғайтылуда. Ал, ұңғымаларды бұрғылауға 80 пайыз мөлшерінде субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Бұл жұмыстардың барлығы суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға, ылғал тапшылығының алдын алуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ербол Қарашөкеев,

Жамбыл облысының әкімі 

Leave A Reply

Your email address will not be published.