Биыл 70 автобус ел игілігіне беріледі

205

Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны артып келеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктерге деген сұранысты арттырып отыр. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін мәселенің бірі – осы. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те аймақ тізгінін қолға алғаннан қоғамдық көлік мәселесімен жіті танысып, тікелей өз бақылауына алған. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағытта көне шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Айталық, автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілді. Нақтырақ тоқталсақ, «Автобус паркі-2020» ЖШС-мен «ZHONG TONG» маркалы дизель отынымен –20, метан отынымен – 20, жалпы – 40, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-мен «ZHONG TONG» маркалы – 3, «ПАЗ» маркалы – 5, «ZHONG TONG» маркалы дизель отынымен – 7, метан отынымен – 8, жалпы – 23, «Smart City Servise» ЖШС-мен «Golden Dragon» маркалы 10 бірлік қоғамдық көлік әкелінді.
Жалпы, қоғамдық көлік мәселесі бойынша тұрғындар сұранысы ешқашан назардан тыс қалған емес. 2023 жылдың 1 мамырынан бастап «Smart City Servise» ЖШС қызмет көрсетіп отырған №9 маршрут бағыты тұрғындар сұранысына байланысты «Арай» алқабына дейін, 1 маусымнан бастап «Шаңырақ» алқабына дейін созылды. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, №23 маршрутқа 2 бірлік үлкен сыйымдылықты автобус қосылды.
Бұдан бөлек №54 маршрут «Құмшағал» алқабы – «Ауыл Береке» базары аралығына 2 автобус қосылып, 7 кестемен қызмет көрсетуде. Жолаушы бағыттарын ашу аясында «Саяхат-99» ЖШС тарапынан №20 бағытқа, «ТаразТрансМоторс» ЖШС тарапынан №10 бағытқа, «Smart City Servise» ЖШС тарапынан №56 бағытқа қызмет көрсетуді бастады. Ал былтырғы жылы 17 қыркүйектен бастап тоқтап қалған №17 маршрут 4 кестемен қайта қызметін жандандырды.
Биылға да жоспарланған межелі міндеттер аз емес. Мәселен, биыл тасымалдаушы мекемелер есебінен 70 бірлік жаңа автобус жеткізу, 5 маршрут ашу, 75 аялдама орнату жұмыстары көзделуде.
Айта кетерлігі, бүгінгі күнге «СапарТранс-2012» ЖШС 10 Yutong маркалы, ұзындығы 9,5 метр болатын автобус жеткізсе, наурыз айының басында «Smart City Servise» ЖШС 14 автобус әкелді.
Тасымалдаушы мекемелерге бөлінген субсидия көлемі де жыл сайын артып келеді. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, қазіргі таңда жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату орнату қажет. Сондай-ақ кемінде 200 бірлік автобус сатып алу қажеттігі туындап отыр. Бұған қоса жаңа 15 жолаушылар бағытын ашу міндеті тұр.

Тараз қаласының әкімдігі 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.