ӨМІР ОСЫНДАЙ ЖАНДАРМЕН ҚЫЗЫҚ

397
Бүгін Есет Досалы бауырымның туған күні екен. Есет інімнің басынан өткен қызықтарын көп жаздым. Өмір осындай періште көңіл жандармен қызық қой.
Есет бауырым, аман бол, абыройлы бол. Шаңырақтарыңнан шаттық кетпесін. Алла Тағалам кішіпейіл, елгезек, бәріне жақсылық істесем деген ниетіңе бақ-берекесін үйіп-төгіп бере берсін.
Есеттің басынан өткен қызықтарды сіздер бұған дейін де оқып қойғансыздар. Дегенменде туған күнінде тағы да салуды жөн көрдім.
******
Тараз қаласында » Бәйтерек» деген мөлтек аудан бар. Жаңа аудан соңғы жылдары ғана пайда болды.
Осы ауданнан Есет Досалы бауырым да пәтер алған. Содан ағайын-туғанның басын қосып, қуанышын тойлап, жаңа қоныста құдайы тамақ беруді ойластырады. Құдайы тамақ беретін күні өзбек аспаз «Есет бауырым, қазанның астына жағатын отын жетпейді» десе керек.
Содан біздің Есет қапшығын алып, отын іздеуге шыққан ғой. Мөлтек ауданның ар жағы жазық дала. Шамасы, сол жаққа қарай шықса керек.
Дәл сол күні облыстық телеарнаның бір қызметкері сол маңда жаңадан сатып алған дрон аппаратын аспанға ұшырып, сынап жүрген екен. Аспанда қалықтаған аппараты бір төмендеп, бір жоғарылап жер бетінде жыбырлап жүргеннің бәрін жақыннан түсіре бастаған ғой. Аппараттың иесі аулақта тұрып, дрон түсіріп жатқан дүниенің бәрін ұялы телефонының экранынан қарап отырған.
Бір кезде экранға қараса, біреу отын жинап жүр. Жақындатса — Есет. Содан дроны Есеттің үстінен ары-бері ұшып өтеді ғой.
Сөйтсе пырылдаған тосын дауысты естіген Есет бауырым алғашында не екенін аңғара алмай, жан-жағына жалт қарапты. Ештеңе жоқ. Төбесіне қараса, бірдеңе қалықтап тұр. Құрысын дейді де, отынын бір жаққа, қапшығын бір жаққа лақтырып, безіп кеп берген ғой. Дронның иесі мұндайды күтпесе керек. Бірақ қызық көріп, аппаратын одан бетер Есеттің үстінен шүйліктіре түскен.
Есет бауырым отынын тастап безген күйі жақын маңдағы үйдің қалқасына барып тығылады. Тығылып алып, аздан кейін үйдің қалқасынан сығалап қарайды дейді. Дрон сәл алыстайды. Алыстағанын көріп Есет қайтадан қапшығына жүгіреді. Бара салып, шашылып қалған отынын жинап жатқанда дрон төбесінен қайтадан төнеді. Есекең отынды бір теуіп шашып, одан бетер безеді. Осы жағдай бірнеше рет қайталанған ғой.
Қысқасы, Есет бауырым сол күні жарытып отын жинай алмай қайтыпты. Неден қорықты, кімнен қорықты, не үшін қашты, өзі де түсінбейді. Тек телеарнаның қызметкері кейін Есетпен жолығып қалып, осы оқиғаны айтқан кезде «Е, сен бе едің? Мен отын жинағаным үшін орман қорғаушылар видеоға түсіріп жатыр екен» деп ойлап қалдым» деп ақталған көрінеді. Әй, аңғал Есет бауырым-ай. Мың жасай бер!
*****
Бір күні Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі Есет Досалы жиналысқа барған ғой.
Жиналысқа кіргеннен көзі мини юбка киіп алған бір сұлудың аппақ аяғына түсіпті. Тіпті, Есеттің аузы ашылып, әлгі әдемі аяқтан көзін ала алмай, тесіліп қарап қалса керек.
Есеттің жыланға арбалған торғайдай ортада қалшиып тұрып қалғанын көрген «Арай» газетінің қыздары «Оу, аға, сізге не болды?» деген ғой Есетке бір қарап, әлгі қызға бір қарап…
Сөйтсе Есет бауырым әлгі қыздың аяғынан көзін алмаған күйі:
— Негізі жек көріп қарап тұрмын ғой, — деп ары қарай өтіп кеткен көрінеді.
*****
Мойынқұмда өткен айтыста ақын Есет Досалы бауырымыз жүлдеге ілікпей, орын ала алмады. Содан айтыстан кейін ақындар ас ішіп отырған. Есет тамаққа кеш келген. Абыр-сабырмен оған ешкім назар аудармаса керек. Ақындардың қарны аш, бәрі тамақты опырып жатыр. Соларға қарап тұрған Есет «Бұл жақта да маған орын жоқ екен ғой» деп күліпті.
*****
Бірде Әулиеата жеріне қазақтың талантты қаламгерлері Бейбіт Сарыбай мен Erlan Jùnis қонақ болып келеді. Бір топ тараздық журналистер қонақжайлылық танытып, түскі асқа шақырыпты.
Тамақтан кейін бәрі естелікке суретке түспек болған ғой. Қашанда елгезек Есет Досалы алдымен елп етіп, «мен түсірейін» деп ұялы телефонын ыңғайлай бастапты.
Бәрі Есеттің алдына топталып тұра қалған. Сол кезде «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Куралай Сейсенбеккызы:
— Есет аға, мені сәл арықтау және бойымды ұзындау қып түсіріңізші, — деген ғой майысып.
Сөйтсе Есет:
— Айналайын-ау, әкең істей алмаған нәрсені мен қалай істеймін? — деген екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.