Жамбыл облысында 2024 жылы 23 медициналық нысан салу жоспарлануда

190
Жамбыл облысында 2024 жылы 23 медициналық нысан салу жоспарлануда

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денсаулық сақтау саласындағы 2023 жылы атқарылған жұмыс нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.

Жиында алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың есебі тыңдалды.

Өткен жылы саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 14 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып, қаржы толығымен игерілген. Жалпы 24 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан. 19 нысан пайдалануға берілсе, қалған 5 нысан биыл ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Ірі нысандардың бірі – Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық хирургиялық диспансер (200 төсек-орын) және Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы (48 төсек-орын).

Сонымен қатар, 1,4 миллиард теңгеге 11 нысан күрделі жөндеуден өтті.

Биыл 23 нысанның құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде, Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы 200 төсектік емхана, 3 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 медициналық пункт бар.

Өткен жылы халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін материалдық-техникалық базаны нығайтуға 3,9 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде облыс бойынша медициналық  құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткіші 92 пайызды құрайды.

Өңірде денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын шешу бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынуда. 13 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 149 дәрігерге 800 мың теңге сомасына көтерме жәрдемақы төленді. Сондай-ақ, 9 дәрігерге 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін бюджеттік несие берілсе,  38 дәрігерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұдан бөлек, 91 маман резидентурада оқиды.

Облыс әкімі атқарылған жұмыстарға қарамастан, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты шағымдар аз еместігін атап өтті.

Аймақ басшысы жауаптыларға тәуелсіз сараптама жүргізе отырып, жедел жәрдемді күту ұзақтығы мен емханалардағы кезектің жылжу жиілігін анықтауды тапсырды.

Ербол Қарашөкеев ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі төмендетуде шешуші рөл атқаратын профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын баса айтты. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы және аудандардағы кейбір ауруханаларда лифтілер жұмыс істемейтініне  тоқталып, бұл мәселені қысқа мерзімде жою қажеттігін міндеттеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медициналық мекемелерде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алғышарттарын жою, жас мамандарға қолдау көрсету және Шу, Қордай, Жуалы, Меркі аудандарында санавиация үшін әуеайлақ салу жөнінде тапсырмалар берді.

Жалпы, жиын барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облыстық филиалының директоры Ләззат Әлімова, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Манат Сейдуманов, Жамбыл облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев баяндама жасады.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.