«Бишімбаевты ақтап алу процесі басталып кетті». Зәкиева дабыл қақты

324

Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жазды.

«Жақында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты даулы іс бойынша сот процесі басталады. …Күн сайын қылмыстар туралы қорытынды алып, әйелдер мен балалар бастан кешірген әділетсіздікті көріп, …әлі күнге дейін үйдегі зорлық-зомбылықты ақтауға болады дейтін адамдар барын байқаймын. Кез келген зорлық-зомбылық үшін жаза бұлтартпас әрі ең қатал болуы керек.

Салтанат Нүкенованың ісін бастамас бұрын немесе сот кезінде сотталушыны ақтау мақсатында деректерді бұрмалау әрекеттері жасалып бағады деген ақпарат бар. Қазірдің өзінде кейбір адамдар осы медиа науқанға кірісті. Қалай ғана бұған қатыса алады, қалай ғана зорлықты ақтауға болады?!

Ел азаматы, әйел, бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде сот процесін мұқият қадағалаймын. Қоғам болып, балаларға, әйелдерге жасалған кез келген зорлықта әділдікке жетуіміз керек», — деді Зәкиева.

Ал журналист Сырым Итқұлов бұл оқиға бойынша адвокаттар іс материалдарымен танысып бітуге таяғанын, заң практикасы бойынша жақын арада прокурорға жіберілетінін, Бишімбаевтың өзі сотқа тартылатынын жазды.

Айта кетейік, экс-министр Бишімбаевқа әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр.

Бұл оқиға 2023 жылғы 9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде болды. Салдарынан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Ал экс-шенді қамауда отыр.

Dalanews.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.