Солтүстіктегі бала тәрбиелеудің тың тәсілі

106

Еңбек тәрбиесі мәселесіндегі істердің жай-күйі туралы СҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова оқу орындарындағы бұл бағыт министрліктің бұйрығына сәйкес дамуда екенін айтады. «Еңбек тәрбиесі балалар мен жасөспірімдерде өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, еңбек қызметінің әртүрлі түрлеріне адал болуды, жауапты, ұжымда, командада жұмыс істей білуді қалыптастыруға үйретеді.

Сондай-ақ жастарды еңбекке баулу деген ең бірінші өмірлік қажеттілік, жоғары құндылық және өмірлік табысқа жетудің басты тәсілі ретінде қалыптастыруды көздейді», — деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова өз сөзінде.

«Біз қазір балалардың жалқау болып, телефондарда отырғанын күнде көреміз. Есеп бойынша бәрі жақсы, бірақ іс жүзінде қазір балаларда басқа психология бар. Олардың жұмысқа деген көзқарасы өзгерді. Оларды сенбілікке қайтару үшін не істеу керек? Неліктен тоқсан аяқталған кезде оқушы үстелін жумайды? Мұнда да заң нормаларына қайшылықтар бар ма?»- дейді облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлбахша Мұсабаева.

Бұл бастаманы әлеуметтік желіде қызу талқылаған теріскейліктер «баяғыдан бері осылай етуді қолға алу керек еді. Балалардың маңызды сабақтарының орнына адам түсінбейтін пәндер енгізілді. Ата-ананың да, баланың да миын ашытты» деген сарында ойларын ортаға салуда. Бұл мәселеге қатысты біз сұрау салған бірер азамат баланы еңбекке баулудың өте маңызды екенін алға тартады.

«Біздің кезімізде деп балаларыма балалық шағым туралы айтсам, таңғалып тыңдайды. Оқушы шағымызда сабақтан кейін сынып бөлмесін кезекшілер мұнтаздай етіп жуып, тазалайтын. Тақта сұртетін шүберекке дейін өзіміз дайындадық. Жоғары сыныпта мақта терімі сияқты жиын-терімге атсалыстық. Осылай жұмыс істегеннен зиян шектік дей алмаймын»,- дейді зейнеткер дәрігер Бейбіткүл Үсейінқызы.

Ал алматылық педагог Лаура Биғабыл қазір оқушыға әлденені орындату өте қиын және қауіпті екенін айтады. «Мұғалім ретінде айтайын, алдымда отырған оқушыға «партаңды жу» деу былай тұрсын, түзу отыр деп айтуға жүрексінеміз. Себебі қит етсе, шағым жазып, шаңыңды қағатын ата-ана көбейді. Меніңше, баланы еңбекке баулудан бұрын, мұғалім құқығын мықтап бекіту керек сияқты. Қазір мектепте оқушының ғана құқығы қорғалатын жағдайға жеткендейміз. Қандай жағдай болса да, мұғалім жауапты. Жауапкершілік екі тарапқа бірдей жүктелмей, баламыздың ертеңіне сенімді бола алмаймыз»,- дейді.

Алайда баласының мектепте әлдебір жұмыс істеуін құптамайтын ата-аналар да жоқ емес екен. «Мектепте бала тек сабақ оқуы керек. Партасын жуу, еден сыпыру — оқушының міндеті емес. Мектепте сол тазалық жұмысы үшін жалақы алған арнайы қызметкер бар. Мен үшін ең маңызды нәрсе — баламның денсаулығы. Мысалы, парта жуып жүріп балам қолын жарақаттап алса, не болады?»- дейді екі баланың анасы Гүлнар Сарыбайқызы.
Баланы еңбекке мектеп қабырғасында баулу керек пе, сіз қалай ойлайсыз?

 

Меруерт ХУСАИНОВА,
Democrat.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.