2024 жылғы 7 ақпанда сағат 23:00-де ауа райының нашарлауына байланысты Жамбыл облысында бірқатар жол учаскелері жабылды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің 532-ден 435-ге дейінгі бөлігінде, Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі учаскесінде, облыстық маңызы бар Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент жолдарында қозғалыс тоқтатылды.
Қазіргі таңда Айша бибі ауылының маңында қарлы боран, көрінудің шектелуі және екпінді желдің салдарынан 20 жүк көлігі және 50 жеңіл автокөлік, Ақыртөбе ауылында 10 жүк көлігі, 532 шақырымда 100-ге жуық жүк және 70 жеңіл көлік жиналды.
Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша, жолда қалған жүргізушілер мен жолаушылар қажетті көмекпен қамтамасыз етілуде. Автожолдардың жабық учаскелерінде жергілікті атқарушы органдардың, полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері жұмылдырылды.
Барлық аудандардың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері де ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады.
Тұрғындарды алыс сапарға шықпауға, ауа райы және жолдардағы жағдай туралы хабарламаларға мұқият болуға шақырамыз.
Жамбыл облысы әкімдігі