Құрметті сарысулықтар, аудан тұрғындары мен қонақтары!

108
Сіздерді Ұлы Дала елінің төріне шыққалы отырған Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!
Жаңа жыл өтіп бара жатқан жылда атқарылған істерге лайықты баға беріп, болашаққа тың қадам жасайтын кез.
Сондай-ақ, Жаңа жыл – халқымыздың асыға күтетін мерекелерінің бірі және жаңа үміт пен келешекке сенімнің бастауы.
2023 жыл еліміз үшін саяси оқиғаларға толы болды. Наурыз айының 19-да өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы болды.
Татулығы мен ынтымағы, достық пейілі жарасқан аудан тұрғындарына туған өлкемізді өркендету мен гүлдендіру жолындағы еңбектері үшін алғысымды жеткізгім келеді. Өйткені біз, жетістіктер мен табысқа жұмыла жұмыс атқарудың арқасында қол жеткіздік.
Биыл ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 86,0 млрд. теңгені, капиталға салынған инвестиция 47,3 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім 24,0 млрд. теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 11,0 млрд. теңге, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 18 816 шаршы метрге жетті.
Биыл әлеуметтік осал топтағы және көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңгеге 184 пәтер сатып алынып, пайдалануға берілді.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасымен Өндіріс ауылдық клуб үйінің ғимаратына күрделі жөндеу және 16,5 млн. теңгеге Жайлаукөл ауылдық клуб үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары, Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары, Абылайхан, М.Әуезов мектептеріне күрделі жөндеу, Жаңаталап орта мектебінің спорт зал мен жапсарлас асхана және мәжіліс залының құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Сонымен бірге, 2023 жыл Сарысу ауданы үшін мерейлі мерейтойлар жылы болды. Сарысу ауданының 95 жылдық мерейтойы, ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығы, даңқты журналист Төкен Мақашевтың 100 жылдығы, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жас мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Біздің барлық жетістіктеріміз, Сіздердің еселі еңбектеріңіздің нәтижесінде мүмкін болып отыр, бұл әр азаматтың аудан экономикасын дамытуға қосқан өзіндік үлесі болып табылады.
Алдағы Жаңа жыл да біздің берекелі бірлігімізді, табысты тірлігімізді еселей түсеріне сенемін.
Қадірлі ағайын!
Келе жатқан Ұлу жылы игі жақсылықтарымен, ырыс-берекесімен, мол қуаныштарымен төрімізден орын алсын!
Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, ашық аспан, ынтымақ пен бақ-береке тілеймін!
Жаңа жыл жаңа жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын!
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.