Отбасы қоғамның тірегі. Біздің балаларымыздың санасында елге деген сүйіспеншілік сезімдері отбасында, олар мекендейтін ортада қалыптасады. Елдің болашағы, бейбітшілік пен өркендеуі ең алдымен осы шағын қоғамда өсіп жатқан балаларымызға байланысты.
Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты, жарасымды тұлға тәрбиелеп өсіру.
Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі.Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі, өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты болады.
Хәкім Абай өзінің жетінші қара сөзінде бала өмірге екі түрлі болып келіп, екі түрлі мақсатта өмір сүретіндігін айтады.
Яғни, бір бала тек ішсем –жесем деп, нәпсі мен тән қажеттіліктерін ғана өтеп, «жүректе қайрат болмай, ұйықтаған ойын оятпай, ақылына сәуле қонбай, хайуанша жүріп күнелтетінін» тілге тиек етеді. Бұл – тән құмары.
Ал екінші бала «білсем екен, танысам екен деп тұрады» дейді. Ал мұны ол жан құмары деп атайды.
Сонымен баланың жан құмарын қанағаттандырып, толық адам, кемел азамат, жан-жақты толысқан тұлға етіп қалыптастыруда отбасы мен ата-ананың тәрбиесінен бөлек, мектепке дейінгі мекемелер мен бала-бақшалардың орны ерекше.
Кез келген ата-ана баласын жамандыққа қимайды, жаман істің иесі болғанын да қаламайды.
Көбіне балалардың материалдық жағдайына көңіл бөлінеді де, ал бірақ рухани тәрбиесіне мән берілмейді.
Әйтпесе «мінезі қиын» жастар бізге басқа жақтан келген жоқ.
Бүкіл жамандықтың басы – жаман дос. Жаман дос – баланың дөрекі, өтірікші, ұрлықшы және әдепсіз болуына себепші болады.
Мұндай жаман мінездерге ұрынғандар ұзақ жылдар бойы бұл жаман мінезінен арыла алмайды.
Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған.
«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың», – деген халқымыздың аталы сөзі бекер айтылмаған.
Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады.
Отбасылық тәрбие арқылы ұлттың ең негізгі құндылығы – ұлттық тілді құрметтеу сезімін қалыптастыру, баланың ұлттық сана-сезімін, ұлттық рухты дамыту.
Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса, өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышы мен азаматтық парызына ұласатынын аңғарады.
Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал.
Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін.
«Бір елді жаулау үшін қарудың керегі жоқ. Бесігін бүлдірсеңіз өздері босағасын қиратып, есігін ашып береді»- деген нақыл қазіргідей жаһандану заманында өте қауіпті.
Сондықтан халқымыздың біртуар ұлы М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген сөзінің мән мағынасы дәл қазіргі кезеңде айқын жол табуға, дәстүрімізде сақталған ұлттық рух пен сананы жаңғыртып, өркениетке бағыт алған ұлт болашағын дамытудың өзекті арқауы болуы тиіс.
Өмірге келген балаға қазақ тәрбиесінде бесіктің орны бөлек.
Сәби кезінен бесікке жатқан бала бесіктен түрлі жыр-дастанды, тәрбиелік маңызы бар ертегі, өлеңдерді естиді.
Халық арасында ауыздан ауызға көшіп ел арасында таралып кеткен бесік жырында діни өлеңдер, үлгілі өнеге бар.
Бесік жырының мақсаты баланы тыныштандыра отырып, баланың санасына ұлттық тәрбиенің, діннің нәрін сіңіру.
Осы тұста қазақ халқы баланы бес жасқа дейін патшаңдай көріп, мейірімді болу керектігін үгіттеген. Бес жастан он үшке дейін жұмсауды бұйырып, он үштен кейін өзіңмен теңдей досша сырласа біл деп насихат айтқан.
Халқымыз «Не ексең, соны орасың»- деп бекер айтпаса керек.
Егер бала отбасында мейірімге толы дінге қанық, салт-дәстүрмен тәрбиеленіп өссе болашақта еліне, жеріне қызмет ететін жақсы азамат болатыны анық.
Ұл бала өсірсе баланың тәрбиесіне әкесі немесе ағалары көңіл бөлген, ұл баланы тәрбиелеген кезде де дұрыс мәміле құрып, баланы төзімділікке және еңбекке баулып өсірген.
Өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамауға баулыған.
Мақсат Арапұлы Қазанғапов