Қазақта «Бала – көздің нұры, көңілдің гүлі», «Балалы үй – базар» деген қанатты сөздер өте көп. Себебі халқымыз перзенттерін өмірінің жалғасы санайды. Сыңғырлаған сәбидің үні шығып тұрған үйден бақ-береке де алыстамасы анық. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін», – деген сөз де көп нәрсені аңғартады. Баланы көкке көтеріп, төрге шығарып, ерекше құрметтеген бабаларымыз тәрбиенің талбесіктен басталатынын ұқтырып кеткен. Ұл-қыздарының тәтті қылығын қызықтап, жақсылығына қуанып, мерейін асырған.
Әрине, өскелең ұрпаққа бала кезден саналы тәрбие беріп, жақсы әдеттерге баулу, білімге құштар қылып өсіру, бірінші кезекте, ата-анаға жүктелген міндет деп ойлаймын. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің айтқанындай жастайынан тәрбиенің мөлдір бұлағына қанып өскен өрен келешекте дарынды да қабілетті тұлға болып қалыптасары анық.
Елімізде балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында балалардың болашағына қатысты баянды бастамаларды жеткізді.
«Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.
Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», – деді Президент бұл жөнінде.
Бұл бастама балалар үшін аса маңызды. Себебі, бала 18 жасқа толғанға дейін есеп шотында кемінде 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. Бұл дегеніміз бала есейіп, үлкен өмірге қадам басар уақытта сол қаражатты өз керегіне жарата алады. Мәселен, оқу ақысы ретінде немесе баспана алуына жұмсап, өз-өзін қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол. Басқа елдермен салыстыра қарайтын болсақ, әлемнің өзге мемлекеттерінде бұл бастама бұрыннан қолға алынған. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының отбасында дүниеге келген адам ғана сол елдің азаматы саналады. Бұл елдегі жалпы тұрғындар санының 20 пайызын ғана құрайды. Тиісінше, оларға ерекше қаржылық артықшылықтар беріледі. Мәселен, үйлену тойына дейін жастарға Әмірліктің неке қорынан пайызсыз несие беріледі. Шамамен әрқайсысына 20 мың доллардан үлестіріледі. Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі, отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады. Сондай-ақ мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда, ел азаматтарының 15 пайызы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Бұл өз кірістерінің жеткілікті болуымен түсіндіріледі. Мінекей, осылайша оларда 18 жасқа толған бала шотындағы қаражатты алып баспанаға немесе басқа да бизнес түрлеріне айналдыра алады. Меніңше, бұл – игі бастама. Мұндай бағдарламаның біздің елде де қолға алынғаны қуантарлық жағдай.