Ақкесене мен Көккесене

1 476

Өткен ғасырдың 80-жылдары Үшарал ауылының тұрғыны, белгілі күйші, сазгер Боранқұл Қошмағанбетов туралы жазғаным бар. Сонда ол қазақтың ұлы ғалымдарының бірі – Әлкей Марғұланның хатын оқытқан-ды. Әлекең Боранқұлдан Ақкесене мен Көккесененің тұрпаты, одан табылған көне заттар туралы жазып жіберуін өтініпті. Соған қарағанда, ғалымның Үшаралға соғуға еш мүмкіндігі болмаған сыңайлы. Жергілікті жердің жай-жапсарын жақсы білетін Борекең жіберген деректерге сүйене отырып, этнограф-ғалым қос кесененің ғұмырын Дешті Қыпшақ дәуіріне дейін «созғанға» ұқсайды.
Осы ретте, қос кесене туралы алғаш ғылыми жорамал жасаған Әулиеата уезі басшыларының бірі, белгілі өлкетанушы В.А.Каллаур екенін айтуымыз керек. Кейін, дәлірек айтқанда 1907 жылы ол жайлы, көрнекті этнограф, башқұрт халқының перзенті Әбубәкір Диваев толыққанды зерттеу мақаласын жария етеді.

Ғалымның өз мақаласында осы тақілеттес кесененің бұрынғы Перовск, одан кейін Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты аймақта да болғандығын, әрі Әулиеата уезінің қазағы Тойшыбек Сапақовтан өңірдегі кесенелер туралы аңыз-әңгіме естігенін жазады. Ә.Диваевтың айтып отырған Тойшыбегі қазақтың атақты шешендерінің бірі, Қоқан дәуірінде датқалық шенді иеленіп, Ресей билігі тұсында би атанған Сапақтың бел баласы. Тойшыбек Кеңес өкіметі орнағанда Ошақты болысын басқарған адам. Егер Ә.Диваевқа жолығып, кесенелер жайында әңгімелесе, онда оның Ақкесене мен Көккесене жайлы айтқаны анық.

Белгілі журналист, тарихи мақалаларымен танымал Амантай Айзахметов Үшаралдағы Ақкесенеден шығысқа қарай елу шақырым жерде, осы күнгі Байзақ ауданының аумағында орын тепкен Көккесене туралы жазып қана қоймай, қызықты болжамдар жасайды. Шыңғысхан батысқа (1218-1227ж.ж.) жойқын жорықтар жасап, жаулап алған аймақтарын Ақ Орда, Көк Орда деп екіге бөледі. Үлкен ұлы Жошыға Ақ Орданы, одан кейінгі ұлы Еженге Көк Орданы билетеді. Бұл кесенелер ені орданың шекарасы іспеттес дейді ол. Мұндағы ақ және көк деген сөздерді тілші-ғалымдар, тарихшылар батыс және шығыс деген мағынаны білдіреді деп жүр.

Тағы бір болжамында ол Көк Орда ханы Әбілхайырдың 1457 жылы қалмақ қонтайшысы Өз-Темірден Көккесене түбінде оңбай жеңілгенін жазады. Осы жеңілістен соң Орыс ханның ұлдары Керей мен Жәнібек Әбілхайырмен ат құйрығын кесісіп, Шу бойында, Қозыбасыда Қазақ хандығын құрған еді делінеді. Алайда, Амантай Айзахметов олардың қай Көккесенеде соғысқанын ашып айтпаған. Оған сенсек, қалмақтар сол соғыста көп дүниені олжалап, осы Ақкесенеге әкеліп жасырған. Бірақ оны ешкім де таба алмапты деген әпсана бар. Тағы бір аңыздағы қос кесененің шығысындағы ақыр тас – Атбайларда Алпамыс батыр тұлпарын тұсаулап, Көккесенеге сүйікті жары Гүлбаршынды жерлепті дегенге сенесіз бе?!

Әруағыңнан айналайын Әбубәкір бабамыз Ақкесене, Көккесене атауының шығу төркініне байланысты бірқатар болжамдар айта келе, бұл парсының «ғимарат» деген сөзіне қатысты аталуы мүмкін деген қорытындыға келеді. Егер осыған тоқтасақ, бұл кесенелердің тарихы тым әріге (ІХ-ХІғ.ғ.) қараханидтер дәуіріне кететін тәрізді. Сол ғасырларда парсы билеушілерінің біздің өлкеге ықпал еткені мәлім.
Ал, бертінде кірпіштің жалпақтығына қарап талдау жасаған мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ғимаратты қазақтар салған деген ой түйеді. Оның үстіне, жоңғар қалмақтары көшпенді халық болғандықтан, мұндай кесенелер, қалашықтар, қорғандар салды деу қисынға келе қоймайды.

Мойынқұмның оң қапталын түгелге жуық алып жататын, басы сонау Балқаштың тұсынан басталады дейтін «Қалмақ арық» атауы да көңілге көп сұрақ ұялатады. Қалмақтар неге қазды екен? Ол халықтың егіншілікпен айналыспағаны бесенеден белгілі. Демек, қазақ бабам қалмақтарға арық қаздырған замана да өткен-ау…

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Талас ауданында басшылық қызмет атқарған, кейін ТарМУ-дың құрметті профессоры атанған Әбдіқадір Жүргенов «Қазақ-жоңғар соғысы үш жүз жылға созылды» деп ғылыми тұжырым жасады. Оны Әбілхайырдың 1457 жылы Өз-Темірмен соғысқанынан бастап, 1757 жылы Абылай ханның қалмақтарды Жоңғар қақпасынан асыра қуғанына дейінгі кезеңге жатқызды. Ә.Диваев та Ақкесененің он бес ғасыр бойы тұрғанынан хабардар етеді.

Тек осы зерттеушілердің «жаңылыс» басатын жерлері бар. Ол – қай-қайсысы болмасын Көккесенені әр жақтан іздейтіні.
Мектепте оқып жүрген кезімізде Ақкесенеден 7 шақырым жердегі Көккесененің үйіндісін көргеніміз есімде. Әкем жарықтық Көккесененің Ақкесенеден де сұлу, әдемі салынғанын айтып отыратын. Тарихи орын Ұлы Отан соғысының алдында ғана құлап қалса керек.

1957 жылы жарық көрген «Қазақ КСР-нің тарихы» деген кітапта Көккесененің суреті берілген. Бірақ, оның қай жердегі Көккесене екендігі жазылмаған. Егер, Каллаур салған сурет болса, онда ол тап Ақкесененің маңындағы – Көккесене.

Амантай Айзахметов екі кесенені жалғайтын жер астынан салынған қуыс туралы тың дерек келтіреді. Мүмкін ол екі кесенені жалғастырып тұрған су құбырлары шығар?..
Егер, Ұлы Жібек жолының бойында салынған қамал, керуен сарайлары, қорғандар, қалалар көп болған десек, бұл кесенелерді де сол дәуірдің көзі деп қарастырғанымыз жөн. Осы болжамды белгілі тарихшы Күзенбай Байбосынов та ғылыми негізде дәлелдеген.

Көнекөз қариялар «Ақкесене мен Көккесененің маңы ескі қорғандар мекені еді, беріге дейін күміс қасық, тостаған, қару-жарақтар табылып жататын» деп отыратын.
Сонау бір замандарда өткел бермес Аса, Талас өзендері тартыла-тартыла, құм иектей-иектей көне қалалар да жойыла бастағаны анық. Осыдан 1,5-2 мың жыл бұрын бұл өлкенің масатыдай құлпырып тұрғанына құм ортасын тіліп өтетін арналы ойпат пен шілденің шіліңгіріне дейін суы үзілмей жататын Қос қақ, Қоралы қақ шүңеттері айғақ.

Кейін, Ұлы Жібек жолы бойындағы гүлденген қалалардың, бекіністердің бірі болған Ақкесене мен Көккесенені, ата-бабасынан қалған басқа да жерлерді азат етуге бекем бел буған қанды шайқаста Саңырық, Қойгелді, Көшек сынды батырлар осы өңірден қалмақтарды қуған соң, бұл екі бекініс те өлі мекенге айналған.

«Сонда қазақтардың бекінісі Найзақызыл болған екен» деп жазады Амантай Айзахметов. Ол адамзат баласына алғашқы тұрақ болған – Тәңірқазған, Бөріқазған маңындағы төбе. Мұнда да көне қаланың орны жатыр. Биік қарауыл мұнара да болған шығар. Бірақ, оның биіктігінен Ақкесененің көрінуі неғайбыл.

Негізінде, қорғанның Үшарал мен Тоғызкент ауылдарына қарасты Ақсай даласындағы Күмістөбе екендігін, оның қарауыл мұнарасы болғандығын естігенім бар. Соның шығыс жақ беткейі қорымдарға толы. Осы орайда, Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының тұрғыны Алдаберген Байпақов «Бұл мекенді де қалмақтардың жаулап алып, қазақтардан ойсырай жеңіліп, батысқа ауғанда кемердің етегіндегі суы сарқылмас бұлақты таспен бекітіп кетіпті» деген дерек келтірген. Сол маңды мекендеген үшаралдықтар кемердің үстіндегі бейіттерден түнге қарай сақалы кеудесіне түскен аруақ бейнелі ақсақалды көріп, дереу ірге ауыстырған екен. Қалай болғанда да бұл маңай талай сырды қойнына жасырып жатқаны анық. Төбе биік болғандықтан ба, ілгеріде жай оғын қайыратын үштаған ағаш орнатылған еді. Оның қарауыл мұнараның орнына салынғаны да тегін емес. Кеңес өкіметі құлағанға дейін кемердің биігінде ғарыш кемесінің ұшу бағытын бақылап отыратын станцияға жергілікті малшылар барып араласып тұрды. Бертінге дейін сол қызыл керіш топырақ үйіндісінен қыш құмыра сынықтарын тауып жүрдік.

Күмістөбеден Ақкесене анық көрінеді. Бәріміз аңыз ізімен жазып жүрген қарауыл мұнарасының биігінен Күміс қыз жауды алдау үшін әппақ ұнды шашып жібергенде, қалмақтар: «Ә-ә, қазақтар қорғаннан кеткен екен, мұнарада құстан басқа ешкім қалмапты» деп ойлап, қамсыз жатқанда, қазақ сарбаздары тұтқиылдан шабуыл жасап, жаудың күл-талқанын шығарыпты дейді бір аңызда.
Енді бағамдап отырсақ, Күмістөбе сол ержүрек, айлалы қыздың есімімен аталған екен. Әттең, төбе де зерттелмей, Күміс қыздың аты ғана қалды. Әйтпесе, ол жерден күміс кені табылар ма еді, кім білсін.
Талай жылдардың тезіне шыдаған Ақкесене де маң далада маңғаз аруанадай желдің өтінде қасқайып тұр. Талайлар үстіне шығып, төңіректі шолған болар. Ғалымдардың мұнараның биіктігі 16 метр еді деп тұжырым жасағанын да білеміз.

Кітаптағы Көккесененің сәулеті Ақкесенеден артық болмаса, кем болмаған. Екеуі де қазақ-қалмақ шекарасы емес, Ұлы Жібек жолының бойындағы қала. Өйткені, тап сол Ақкесене мен Көккесене жанында Мойынқұмды қақ тіліп өтетін Итекенің жолы, батысында Тоғызкент әрі қарай Саудакент, Шолаққорған, Созақ, Сунаққа кететін қасқа жол жатыр. Шығысымен жүрсең Атбайлар, Тектұрмас, Оққұм арқылы көне Таразға жетесің. Сірә, 1723 жылы жоңғар қалмақтары кесенелерді басып алып, солтүстікке, оңтүстікке жорыққа шығар қамалдарға айналдырған тәрізді.

Қалай дегенде де, Көккесене қирап, бүгінгі дәуірге сыңарының біріндей болып Ақкесене жетті. Қирауға шақ қалған кесенені мемлекет қамқорлығына алып, осыдан 10 жыл бұрын қайта жаңғырту жұмысын жүргізді. Өкінішке қарай, жұмыстың сапасына көргендердің көңілі толмай жүр. Белгілі ғалым, археолог М.Елеуовпен кесене жайлы әңгімелескенімізде, оның аумағының қазіргі қалпынан 3-4 есе үлкен болғанын тілге тиек еткен еді. Олай болса, кесененің тұрпатын қайта қалпына келтіру үшін зерттеу жұмысын жүргізіп, айналасындағы бекініс қабырғаларын қалпына келтіріп, туристердің қызығушылығын тудыратын жағдай жасаған жөн. Бәлкім, маңайын қоршап, шөлге төзімді ағаштар егіп, келушілер үшін бір сәт аялдайтын орындар жасау да керек шығар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес кесененің микросакралды картаға енгізілгенін естіп, біліп отырмыз. Өте дұрыс. Мұндай көне ескерткіштер облыс түгілі, елімізде некен-саяқ екендігін ескерсек, Ақкесенені туристер тамашалайтын орынға айналдырудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Өкінішке қарай, қазір кесененің тарихи маңызына, насихатына баса мән беріліп отырған жоқ. Ара-тұра атын естіген бірен-саран өлкетанушылар болмаса, ол жаққа қалың жұрттың ат ізін салуы сирек. Түсінгенге Ақкесене қазақтың 15 ғасырлық тарихын бойына бүгіп жатқан киелі орын. Ол жерде бабаларымыз Қазақ елінің абыройын сақтап қалу үшін қанын төкті, жанын берді. Сөйтіп, ұрпақтарына мәңгілікке мирас етіп тастап кетті.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.