Музасына мұң шағады мүсінші

854

Өмір секілді өнердің көкжиегі де шалқар кеңістікпен шектесіп, мәңгілікпен астасып жатыр. Әрине, өмір — өткінші. Ал, өнер өмірдегі жалт еткен асыл бейнені уақыттың уысында ұстап, қаз-қалпында келер ұрпаққа тапсырып отыратын құдіретті дүние. Әр дәуірдің үні, әр заманның көрінісі, кейіпкерлері, ерлігі мен есіл еңбегі, шежіресі мен өркениеті, тарихы мен таланты өнер туындылары арқылы бізге де жетті. Соның бірі – мүсіншілік өнер. Ежелден-ақ жауһар сәулетімен жаһанға үлгі болған Тараз шаһарында алдағы уақытта тағы да танымдық, тарихи тың туындылар бой көтеруі мүмкін. Осы орайда белгілі суретші, Қазақстан Республикасы суретшілер академиясының академигі Аманат Назарқұлов кіндік қаны тамған киелі Әулиеата өңіріне өзінің бірнеше шығармашылық жұмыстарын ұсынып отыр.

Жалпы, мүсіндеме тарихының тым тереңде жатқаны белгілі. Алғашқы қауымдық құрылым кезінде даңқты қолбасшылар, ержүрек жауынгерлер, балалы ана мүсіндері кең таралса, кейінірек «аң стилі» көбірек көрініс берді. Көктегі күш пен жердегі билеушілердің құдіретін бейнелеген мүсіндер Грекия, Рим, Ассирия, Вавилон өркениеттерінің ажырамас бөлігіне айналды. Одан бертінде аңыздағы кейіпкерлер, теологиялық тұрпаттағы туындылар, ғибадатханалар сол заманалардың сұранысымен жасалды. Сол кезеңдерде сымбатты, сом тұлғалы батырлар мен арулардың мүсіндері қоғамға салауатты өмірді насихаттап, тән келбетінің сұлулығына арналса, кейінірек философтар мен данышпан, ғұламалардың мүсіндеріне мән берілді. Ал, қайта өркендеу дәуірінде адамзаттың ерлікке, еркіндікке деген ұмтылысы, тұлғалық қасиеттері, табиғат сұлулығы бейнеленді. Осы тақылеттес туындылар орта ғасырларда және жаңа дәуірде Еуропаның көптеген қала-қамалдарының іші-сыртын көркемдеу үшін кеңінен қолданылды. XVII-XIX ғасырларда мүсіндеме адам бейнелері мен ескерткіш тұрғызу бағытында дамыды.
Қасиетті Ұлы Даланың қарашаңырағы Қазақстан жеріндегі мүсіншілік 3 мың жыл бұрын қалыптасты. Ол палеолит дәуірінде пайда болып, сақтар мен Түрік қағанаты тұсында кеңінен дамыды. Ата-баба рухына құрмет және исламдық сенім, яғни балбал тұғырлар мен құлпытас, қойтас, кесенедегі бейнелер мүсіншілікті көптүрлілікке жетеледі. Кеңес дәуіріндегі еңбектер халық батырлары, еңбек ерлері және соғыс ардагерлерін бейнелеуге арналса, соңғы кезеңдегі мүсіншілік бағыты әлемдік құндылықтар және жергілікті салт-дәстүр ерекшеліктерімен ұштаса отырып дамып келеді. Сонымен қатар, мүсіншілік әлемдік техника жетістіктерін, өткен мен бүгінгінің өзара үндестігін және дүниежүзіндегі жетістіктерді бейнелеуге, халық мақтанышына айналған тұлғалардың кескін-келбетін сомдауға бағытталды.
Екі мың жылдық тағдырлы тарихы бар Тараз шаһарында да шерлі шежіремізден шынайы сыр шертетін мұндай туындылар аз емес. Солардың қатарында Аманат Назарқұловтың да айшықты қолтаңбасы жатыр. Хас шебер жасаған Төле би баба­мыз­дың қоладан құйған еңселі ескерткіші тұғырлы тұлғаның 350 жылдығында қаланың қақ төріне қойылды. Ендігі кезекте ол жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқастарда асқан ерлігімен даңқы ерте шыққан баһадүр һәм шешен Сеңкібай Қабанбайұлының мүсінін аяқтау үстінде.
Майкөт Сандыбайұлының:
Атасы Сеңкібайдың Қабан батыр,
Бақ — дәулет ұрпағына қонып жатыр.
Таластан тоған қазып, егін салып,
Суландырған даласын о да батыр – деп өрілетін жырында Сеңкібай батырдың еңбегі мен ерлігі қатар суреттеледі. Ал, Аманат Назарқұлов тарихи тұлғаның болмыс-бітімін таныту бағытында тынымсыз тер төгуде.
Суретшінің сүйіншісін естіп, қуанышын бөлісуге Жамбыл ауданындағы Бектөбе ауылына жетуге біз де асықтық. Тұлпары жер тарпып, найзасы көк тіреп тұрған Сеңкібай батырдың сом тұлғалы, биіктігі 5 метр­лік бедерлі болмысы алыстан көрінді. Суретші шілденің шіліңгір ыстығына қара­мастан батырдың бет- бейнесін қашау үстінде. Кәсіби маман 4 ай бойы жасаған жұмысының жемісін көрсетіп, ағынан жарылды.
– Өзім осы әулиелі өлкенің тумасы болғандықтан, шығармашылығымда туған жерге, ел тарихына басымдық беріп келемін. Көне шаһардың әр бөлігі көзге оттай басылады. Төле би бабамыздың 350 жылдық мерейтойында небәрі екі-ақ айда тұғырлы классикалық, академиялық ескерткішін қоладан құйдым. Алматыда жасап, туған қаламызға алып келіп, орнаттық. Өз кезегінде баба мүсіні елімізде жасалған ең үздік 5 ескерткіштің қатарында. Одан кейін «Астана» ықшамауданындағы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай биіктігі 14 метрлік «Гүлденген Қазақстан» атты монументалды-архитектуралық кешенін орнаттық. Ол да еліміздің егемендігін айшықтап, шаһар шырайын арттырып тұр деп ойлаймын. Кешен жұмысы аяқталар тұста Сеңкібай ауылының азаматтары мен баба ұрпақтары тарапынан ұсыныс түсті. Осылайша елімізді жаудан қорғап, жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен, қартайғанда бұлақтардың басын қосып, ел игілігіне жаратқан Сеңкібай бабамыздың ескерткішін жасауға кірісіп кеттім. Мүсін қазір аяқталуға жақын. 5 метрлік салт атты мүсін өте күрделі академиялық скульптура. Себебі, аттың дене мүшелері, әбзелдері секілді қосымша детальдар өте көп. Барлығын шынайы көрсеттік. Бабаның суретін газеттен алдым. Шығармашылықпен өңделді. Жалпы, әрбір ескерткіштен халық ерекше әсер алуы қажет. Бір қарағанда ол ұрпаққа рух беруі тиіс. Әйтпесе, бізде не көп, ескерткіш көп. Барлығы бір-бірінің аузынан түсіп қалғандай. Көзге жауыр болған көшірмелер, ұқсастықтар көп. Сондықтан, терең тарихымыздан тікелей сыр шертетін тың туындылар бой көтерсе, сананы жаңғыртуға сеп болады деп сенемін. Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің ә дегеннен қаланың сәулетіне, саябақтардың көркіне, эстетикалық үйлесімге көңіл бөлгені қатты қуантты. Қазір баба мүсінінің нақты мекенжайы белгісіз. Сымбатты әрі биік болып шыққандықтан облыс орталығында тұрса деген ниет бар. Мәселен, қалада Сеңкібай көшесі, каналы бар. Сол секілді Байзақ ауданына шығып бара жатқан айналмалы жолдың ортасы да осындай мүсінге сұранып тұрғандай, – дейді суретші Аманат Назарқұлов.
Сонымен қатар, шебер Тараз қаласының халық көп шоғырланатын жерлеріндегі 10 кіші архитектуралық, декоративті мүсіндерін де тілге тиек етті. Және шығармашылық адамы мұнымен шектеліп отырған жоқ. Қаланың сәулетіне қатысты ұсыныстары да бар екен.
– Ғасырлар бойы Әулиеата атанып келген мекеніміздің киесін көрсететін, рухын танытатын 17 метрлік кешенді мүсіннің макетін әзірледім. Ол қаламыздағы теміржол бекетінің алдында орналасса деген ойым бар. Композицияда өңірге келгендердің қадамына құт тілеп, бата беріп тұрған қарттың, кесемен ас ұсынған ана мен баланың мүсіндері қамтылған. Бұдан бөлек, «Түркі апогейі» атты кешенді ғимараттың жобасын жасадым. Оның биіктігі 25 метр, бірінші қабаты 700-800 шаршы метрді құрайды. Астыңғы қабаты музей, көрме болса, үсті 12 метрлік тасбақа пішінді куполға жалғанады. Себебі, бабаларымыздың заманында тасбақа данышпандық пен байлықтың символы болғандығы тарихтан белгілі. Және ол жартылай қалың шыныдан әзірленуі тиіс. Оның үстінде екі күшігімен қасқыр сыртқа қарап тұрса, ұшар басында алақанын көкке жайып, елді бірлікке шақырып тұрған баланың мүсіні орналасады. Баланың қалпағы шаңыраққа айналып, оның астында киіз үйдегідей қарлығаштар самғап жүреді. Жүзеге асса, бұл әлем халқын қызықтыратын өнер туындысы болайын деп тұр. Бұл композицияның хандығымыздың қазығы қағылған тарихи Тараз жерінде, «Бәйтерек» ықшамауданындағы қалалық және облыстық балалар ауруханасының ортасында орналасқанын қалаймын, – дейді суретші.
Шытырман ойлы шебердің шығар­машылығы шынында да ізденіске толы. Біз оның еселі еңбегіне тамсана тәнті болып, алдағы жоспарларына толағай табыс тілеп қайттық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.