«Ана мен бала» аллеясы қоқыс алаңына айналды

699

Бұл күнде 28 мыңға жуық тұрғынның қарашаңырағына айналған «Қант зауыты» аумағында екі аллея бар. Оның бірі сонау 1972 жылы бой көтеріп, ел игілігіне берілген, одан күні бүгінге дейін бірде-бір мәрте жөндеу жұмыстарын көрмеген, ондаған жыл бойы қоқыс алаңына айналып жатқан «Ана мен бала» аллеясы.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы, – деп талантты ақын Төлеген Айбергенов жыр­ла­ған­дай, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы ана алдында қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ұлы Дала иесі атанған ұлтымыздың арғы-бергі тарихында ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы, ұлтқа ұран болған аналарымыз аз емес. Шерлі шежіреміздің қай парағын ақтарсақ та тегі асыл аналарымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзіне қанығасың. Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ана сияқты ақылы асқан, дана аналарымыздың бейнесі асыл мұра ретінде ұрпағының санасында сақталды. Себебі, шексіз мейіріммен адамзатқа тіршілік нұрын төгіп, келешекке ақ сәуле, адал ниет нұсқап, өмір сыйлаған асқақ құдірет иесі, ол – Ана.

Осы орайда, отбасы мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да ұдайы назарынан тыс қалған емес. Жыл сайынғы Жолдауында Мемлекет басшысы отбасы, демографиялық өсім, ана мен баланың денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстар да жетерлік. Отбасы құндылықтарын дәріптеу, анаға деген құрметті насихаттау, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дамыту мақсатында былтыр Қызылордадан «Аналар аллеясы», Сарыағаштан «Ана мен бала» аллеясы, Петропавл мен Көкшетауда да осы тақылеттес орындар ашылған болатын. Ал, бізде мұндай саябақ осыдан табаны күректей 46 жыл бұрын ел игілігіне берілген. Өкініштісі сол, ондағы иығына көгершін қонған, қолында сәбиі бар ананың да, адамзат баласының мәңгілік ностальгиясына айналған балауса шақты сомдап тұрған ойын баласының мүсіндері де бұл күнде мүжіліп, тозығы жеткен. «Тыңдамаған сөз жетім, Иесіз қалған жер жетім» деп бабаларымыз айтып кеткендей, жаздан бұрын ертерек күзі жеткен аллеяның бүгінгі көрінісі арқаға аяздай батады.
– Аумақта қазір 27 мың 830 халық тұрады. Маңдайымызға біткен 2 аллеямыз бар. «Ана мен бала» аллеясы 1972 жылы қалада Қант және спирт зауыттары жұмыс жасаған кездері ел игілігіне берілген болатын. Осы өңірде туып-өскен төл перзенті ретінде мен аумақтың кешегі керемет келбетін де көрдім. Қалалық мәслихаттың 5-шақырылымының депутаты ретінде ел алдында осы аллеяны қалпына келтіру жөнінде қаншама рет уәде бердім. Қала басшылығының тізгінін ұстаған атқамінер азаматтарға да талай мәрте айттым. Әрқайсысы келді, көзбен көрді, бірақ нәтиже жоқ. Басшылар ауысқанымен ел мен жер ұрпақ игілігіне қалады ғой. 10 жыл бойы аллея қоқыс алаңына айналды. Кейбіреулер тау болып үйілген қоқыстарын осы жерге жинап, өртеп жіберуді әдетке айналдырған. Аумақтың тазалығына қазір «Баймұхаметов» жеке кәсіпкерлігі жауапты. Олардың жұмысында мін жоқ. Бірақ, тұрғындар мәдениеті әлі тұралап тұр. Олар қоқыс үшін тиын төлемей, есесіне қордаланған тұрмыстық қалдықтарын аумаққа төгіп-шашып кетуді жөн санайды. Кеңес үкіметі кезінде Қант зауыты аумағы, ондағы осы аллеялар қандай еді. Шаһардың ең көрікті жерлерінің бірі болды. Тағы бір айта кетерлігі, біздің аумақта бірде-бір балалар алаңшасы жоқ. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған орындар да қарастырылмаған. 5 жарым мың түтін тұратын аумақта бас-аяғы 94 көше бар болса, соның жетеуіне ғана асфальт жабындысы төселген, жетеуінде ғана жарық бар.
Міне, осындай түйткілдер қатарында «Ана мен бала» аллеясының қазіргі ахуалы алаңдатпай қоймайды. Көпшілік бас қосатын орынның мүсіндері сынып, тас-талқаны шығып жатыр. 1972 жылдан бері қараусыз қалып, жетімнің күйін кешіп тұрған аллеямыздың жайын облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз назарына алса деген тілегіміз бар, – дейді Тараз қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Анар Досымбаева.
Бұдан кейін біз осы аудандағы аты атойлап тұрған «Даңқ» аллеясына да бас сұқтық. Алыстан маңдайы жарқырап кешегі «Жеңіс» саябағындағы Лениннің ескерткіші қарсы алды. Жалпы, аумақтағы №6 мектептің алдында да «күн көсем» ескерткішінің бұрыннан бері тұрғаны белгілі. Ондағылар жылда сол ескерткішті сырлап әлек. Себебі, жыл сайын аумақ жастары мүсіннің бет-әлпетін бұзып-сызып кететін көрінеді. Оған енді тағы да бір Лениннің ескерткіші қосылды. Көсемнің мүсіндері бас қосқан аумақта көнерген идеологияның исі аңқып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл аздай, «Даңқ» аллеясының жанында не қоршауы, не күзетшісі жоқ, қаңғыбастардың мекеніне айналған көпқабатты сақалды құрылыстың жайы да көпшілікті алаңдатып отыр.
– «Даңқ» аллеясына көктемде «Жеңіс» саябағындағы Лениннің мүсінін алып келіп қойды. Бар өзгеріс – осы. Мұнда да жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жылда өз күшімізбен тал кесіп, гүл егумен ғана шектелеміз. Сондай-ақ, аллея жарықтандырылмаған. Бұрын бассейн болған, бірақ көптен бері су жүйесі іске қосылмаған. Оны енді көміп тастау керек шығар. Мереке күндері мектеп оқушылары осы маңға жиналады. Және аллеяның қасында Кеңес үкіметі кезінен бері басталып, аяқталмай қалып кеткен сақалды құрылыс нысаны бар. Кешқұрым онда жасөспірімдер өріп жүреді. Түнде қаңғыбастар паналайды. Жанындағы тұрғындар жиі шағымданады. Көпқабатты құрылыс нысаны мүлдем қоршалмаған. Иесі белгісіз. Алда-жалда бүлдіршіндер құлап кетсе, оған кім жауап береді? Қауіптің алдын алуды ойлап отырған ешкім жоқ. Нысан бойынша бірнеше мәрте қалалық құрылыс, сәулет бөлімдеріне, жергілікті полиция қызметіне хат жолдағанбыз. Бірақ, нәтиже шамалы, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің №4 аумақтық-округтің бас инспекторы Бекзат Болатбеков.
Қолдау таппай қордаланған мәселелер мұнымен шектелмейді. Аумақтағы ауызсу мәселесі де тұрғындардың титығына тиіп біткен.
– Саябақтың өзі сол Лениннің заманында салынғаннан кейін де Ленинді осында жайғастырған шығар. Әйтпесе, сол уақыттан бері мұнда жастар мен қарттарға арналған бірде-бір орын игілікке берілген жоқ. Лениннің тағы бірнеше мүсінін орналастырса да таңғалмаймыз. «Ана мен бала» аллеясына қарап, күн сайын жүрегіміз ауырады. Барлығымыз бала тәрбиелеп отырған анамыз ғой. Неге осыншама уақыт бойы қолымызда бар дүниеге көңіл бөлінбейді? Аялдамалардың өзі бейберекет орналасқан. Көшелеріміз жөндеу көрмеген. Жастар баратын саябағымыздың түрі осы. Спорт пен өнерге баулитын үйірмелер, білім беру орталықтары деген дүниелер атымен жоқ. Ата-аналар баласын жетектеп, қалаға қарай сандалады. Біздегі ауызсудың сапасы да сын көтермейді. Кесеге құйсаңыз, түбінде құм тұнады. Әрине, құбырлары ескірген, ешкім меншігіне алмайды. Ол аздай, күндіз су өшіп қалады. Ел киім жуып, тамақ істеу үшін күннің батқанын күтеді. Себебі, су ымырт үйірілгенде бір-ақ беріледі. Шалғай аудандағы мәселе болса түсінуге болады. Ал, біздің аумақ облыс орталығында орналасқан ғой. Технология дамыған XXI ғасырда біз осылай өмір сүріп жатырмыз, – дейді 24-квартал комитетінің төрайымы Галина Марченко.
Тұрғындар тек «Жамбыл-Жылу» мен «Теміржол-Жылу» мемлекеттік коммуналдық мекемелерінің жұмысына ғана дән риза. Қалғанына өкпелері қара қазандай. Айтуларына қарағанда, өздері округ бойынша дауыс беріп, сенім артып, сайлап алған депутат Фархад Қасымовтың да жүзін көру мұң болған. Бәрін айт та, бірін айт, тоқсан ауыз сөзіміздің, тіршілік толғауымыздың тобықтай ғана түйіні – тасада қалған «Ана мен бала» аллеясының жайы ескерілсе, анаға деген құрметіміз іс жүзінде дәлелденсе, ондағы қаумалаған қалың көпшіліктің қуанышы еселенер еді. Жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген аллеяның жайы ұрпақ игілігі үшін оң шешімін табар деген сенімдеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.