Тастан да табыс табуға болады
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айрықша атап өткендей, «Әлемнің әміршісі-еңбек». Шынында да, еңбек еткеннің еңсесі қашанда биік. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан байыпты бағдарламалар қолға алынып, қомақты қаражат бөлініп жатыр. Дейтұрғанмен, әлеуметтік қолдаудан шет қалып жатқан жастар қарасының қалың екендігі қынжылтады.
Бүгінде, елімізде жастардың жан-жақты дамуына «Серпін-2050», «Дипломмен-ауылға», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Жастар тәжірибесі», «Бастау бизнес» секілді бағдарламалар мен әлеуметтік жобалардың тигізер пайдасы зор. Осындай қолдауларға көбіне қолында дипломы бар немесе белгілі бір оқу орнында оқитын белсенді замандастарымыз ие болуда. Жөн-ақ. Алайда, тұрмысы төмен отбасынан шыққан жастардың тұрақты жұмыспен қамтылғаны немесе мемлекеттен шағын несие алып, кәсіпкер атанғаны некен-саяқ. Бұған облыста NEET жастар санының 22 мыңнан асып отырғаны дәлел бола алады. Осы санаттағы жастар негізінен тұрақты жұмысқа тұрмаған, не арнаулы орта, не жоғары оқу бітірмегендер. Бұған қолында дипломы бар, бірақ тұрақты жұмыс таппай жүргендерді қоссақ, сергелдең күй кешіп, сенделіп жүрген жастардың саны тағы да арта түседі. Олардың дені ауылдық жерде.
Алайда, қайнаған еңбектің ортасында шыңдалып өскен қарадомалақтарды қол қусырып қарап отыр десек қателескен болармыз. Мәселен, ауылдық жерде төрт түлік малдың өздігінен бағылмайтыны, оның жем-шөбін сырттай келіп, біреудің орып бермейтіні бесенеден белгілі.Біреуге ақысына келісіп баспана, монша, малшыға қора-қопсы салып беру, отын-су түсіру, қырықтық өткізу, егіс алқабын суғару секілді қаптаған тірліктің, былайша айтқанда науқандық жұмыстардың басы-қасында жүргендер нағыз жастар. Олардың бірі қалаға келіп ала жаздай құрылысқа араласса, енді бірі жүк тасып, кейбірі көлік жуып күн көруде. Әсіресе, шалғай аймақтарда ешқандай мемлекеттік қолдауға иек артпай күнелтіп жүргендердің ішінде, тіпті ешкімге тәуелді болмай, жалданғысы келмей өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да бар. Әдетте олар топтасып, бірігіп тірлік қылады. Бірі даланың жантағын орып сатса, енді бірі елімізде шабуға рұқсат етілген отын түрін дайындап, тұрғындарға өткереді. Өзен-көлге ау салып, балық ұстайтындар да жоқ емес. Кейбір аудандарда тау қопарып, тас қазып жүргендер де бар. Бұл кәдімгі қырдың қызыл тасы.
Түсіне білген адамға тас қазу мен қой бағудан асқан қиын жұмыс жоқ шығар, сірә. Оны бала күнімізде шалқамыздан түсіп жатқан бізге әжелеріміздің «Түрегеп отыр, тас ойып келдің бе, әлде, қой бағып келдің бе?» деп талай жекігенінен-ақ аңғаруға болады. Жалпы, сұранысқа ие табиғи тас облыстың Сарысу ауданындағы Жайлаукөл, Талас ауданындағы Қызыләуіт, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылында көптеп кездесетін.Сондықтан да болар,жаңа мыңжылдықтар тоғысында осы елді мекендерде тас қазу қызу қолға алынып, 2005-2010 жылдары одан әрі жандана түсті. Ал, бертінде бұл кәсіптің сәл саябыр тапқанын білеміз. Оған біріншіден, аталған ауылдарда табылған тас кенінің түгесілуі себеп болса, екіншіден, алымсақтың да азайғаны әсер етіпті. Десе де, ұланбелдік жастардың бірлі-жарымының осы кәсіппен әлі де айналысып жүргенін Мойынқұм аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбат Байғонысовтан естідік.
– Біздің аудан жастарын «ZHAS PROJEKT» жастар корпусын дамыту жобасына тартуда облыс бойынша ең төменгі сатыдан көрінгеніміз белгілі. Десе де, көрсеткішіміздің кенжелеуінің басты себебі мынада. Қазір қай елді мекенде болмасын жұмыссыз жүрген жастар жоқ. Өйткені, олардың бірі құрылыс, екіншісі шөп шабу, тас қазу секілді науқандық жұмыстармен айналысуда. Ал, оларды жаңа жобаларға тарту қиындау, – деді ол.
Жалпы, Тараз қаласының кейбір көшелерінде тас сатып тұрған «КамАЗ» маркалы жүк көліктерін көзіміз талай шалған. Соның бір парасы Ниетқалиев пен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында шоғырланған. Біз осындағы Ұлан есімді жүргізуші жігіттен тасты қай жақтан әкелетінін сұрадық.
– Бүгінде Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылының тұрғындары тасты Бетбақдаладан оюда. Біз сол жақтан тасимыз. Таразға дейін жол қашық. Сіздердің көріп тұрғандарыңыз бұзылып тұрған «КамАЗ». Бұл көлікті тас қажет еткен тұрғындарға жарнама ретінде көрсетіп қойғанбыз. Ал, мен басқа техникамен тасимын. Қазір үйде бір «КамАЗ» тас тұр. Сол өтсе, жолға қайта шығамын. Тастың бір шаршы метрін 1 000 теңгеден сатып жатырмыз, – деді ол.
Осы орайда біз Ұланбел ауылының 24 жастағы тұрғыны, тас қазуды кәсіп қылған Ғабит Қаланмен де телефон арқылы тілдестік. Ол тас шығатын карьерді іздеп табу, оны ою, қаттап жинап, алымсақ іздеудің машақаты көп екенін айтады.
– Ауылға жақын жерлерде қазір тас таусылған. Жердің бетіне шығып жатқан тауарлы тас жоқ. Сол үшін бірнеше шақырым жыраққа кетіп, тас оюдамыз. Мұнда карьер табу қиын. Бұл тұрғыда біздің өзіндік әдісіміз де жоқ емес. Бастапқыда ілмек тікендерге немесе шөптің шығымына көңіл аударамыз. Егер біз мән беретін тамыры тереңге кететін шөптер торкөз тәріздес болып өсіп тұрса, ол жерде тас бар деген сөз. Себебі, әлгі шөптер тастың жік-жігін қуалап өседі. Таңдалған жерге сүйменді қос қолдап ұрып, әрлі-берлі ырғаймыз. Тастың жақын жерде жатпағанын білсек, тізеге дейін күрекпен қазып, сүйменді жерге бойлата ұру әдісін қолдану арқылы әр дыбысқа мән беріп отырамыз. Сөйтіп жүріп тасқа да кезігеміз. Егер тас пен сүйменнің соғылған дыбысы шаңқылдап шықса, ол жерде блок тәріздес тас жатқанын аңғару қиын емес. Дүңкілдеп шықса, бұл қатпар-қатпар болып түзілген тастың белгісі. Мұндай кезде дереу кішігірім бөлменің орнындай жердің топырағын аршимыз. Кейде белден келетін топырақты аршуға тура келеді. Тығыздалып жатқан топырақ босағанда көлемі екі есеге ұлғаяды. Соған қарамастан зор бейнетпен тасқа жетіп, жігін тауып, алғашқы үш-төрт қабатын шығарғанда табиғи ресурстың жарамды-жарамсызы белгілі болады. Талай топырақты белден қазып, алайда, кейін тастап кеткен кезіміз де болды. Өйткені, кейбір жердің тасы қиқы-жиқы болса, енді бірінің екі беті де бұдыр-бұдыр, кейбірі әлі жетілмеген болып шығады. Мұндай жағдайда еңбектің еш кеткеніне налисың.Ал, нағыз тауарлы тасты тапқан сәтте өзіңді бақытты сезінесің, – дейді Ғ.Қалан.
Ғабиттың айтуынша, карьер табылса ол жерден ең кемі бір «КамАЗ» ауыр жүк көлігіне жетерлік тас дайындап, сосын алымсақ іздеуге кіріседі екен. Әркімге хабар беріп жүріп, күндердің-күнінде тас алатындармен мәмілеге келеді. Олар да тастың қызыл, көк, немесе қоңырқай түсін алушы болып бөлінеді екен. Ал, ұланбелдік табиғи тастың дені қызыл түсті. Алымсақтар тастың сындырылған бір дана үлгісін сұрататын көрінеді. Егер екіжақты келісім жүзеге асса, жергілікті жігіттер 2,3,4, кей жағдайда ғана 5 сантиметр қалыңдықтағы тастарды кемінде 21-24 қатар етіп «КамАЗ» жүк көлігіне тиеп береді. Сапасына қарай, бағасы 40,50,60 мың теңге аралығында. Тіркемесімен болса 110 мың теңгеге дейін барады. Бірақ,ерте көктемде тасқа әжептеуір сұраныс болғанымен, қазір тоқтап тұрған көрінеді.
Осы орайда, біз Ұланбел ауылдық округінің әкімі Қанат Белгішевпен де сөйлестік. Ол жалпы, ауыл тұрғындарының тіршілік көзі мал шаруашылығы екенін, 20-дан астам шаруа қожалығы, 11 дүкен мен екі асхананың жұмыс істеп жатқанын айтты. Ауылда барлығы 1 247 тұрғын тұрып жатса, соның 350-ге жуығы жастар.
– Мұндағы салынған әрбір үйдің іргетасы мен қоршаулары ауылдың қызыл тасымен қаланған. Сонау 2000 жылдары ауылға жолы түскен бір кездейсоқ адамдар Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда бағасы қымбат табиғи тастардың үй қоршауы ретінде қаланып тұрғанын байқап, тұрғындарға оны кәсіп көзіне айналдыру туралы ой салады. Жұрттың содан кейін жаппай тас қазуға жұмылғаны есімізде. Ол кезде мен әлі мемлекеттік қызметке келе қоймаған едім. Бірақ, уақытында екі бірдей фирманың жерді жалға алып, заңды түрде тас қазумен айналысқанын, тұрғындардың кейбірі нәпәқасын солар арқылы айырғанын білемін. Десе де, көп өтпей іс өз-өзін ақтамағандықтан, аталған фирмалар жалға алған жерлерін кері қайтарып, карьер иесіз қалды. Соның орнын аршып, тұрғындар біраз жыл пайда тапқаны рас. Мен әкім болып сайланғаннан кейін де өз бетінше карьер іздеп тауып, тас қазып сатумен айналысқан жігіттер болды. Мұның заң жүзінде дұрыс еместігін, салық төлеу қажет екенін білсе де, отбасын бағу үшін олар осындай қадамға барды. Сол кездері ауылға прокуратурадан, қаржы полициясынан да өкілдер келіп, кімдердің тас қазып жүргенін бақылауға алған болатын. Бірақ, тас қазудың оңай шаруа еместігіне көз жеткізген соң ба, ешкімді жауапқа тартқан жоқ. Десе де, біз тәртіпке бас июіміз керек. Осы мақсатта ауылда тас қазып жүрген жігіттерді жинап, жабайы әдіспен өндірудің жөнсіз екенін түсіндірдім. Өйткені, «Одесса» атты бір фирма тендерден біздің ауылдық округке қарайтын аумақтан жер телімін ұтып алған еді. Сол арқылы жұмыс істеуге шақырдым. Ауыл жастары келісіп отыр.Бірақ, ұланбелдік тас қазушылар ауылға жақын жерде тас қалмағанын, болса да тым қалың топырақтың астында жатуы мүмкін екенін айтуда. Олар қазір тасты Арқадан, жезқазғандықтарға тиесілі жерден қазып жүрген көрінеді. Ал, өз жерімізден тас қазады деген әлгі фирмамыз істі бастамайтын болыпты. Себебі, оның ұтып алған жері мал шаруашылығына негізделген аумақ болып шықты, – дейді ауыл әкімі.
Байқасақ, тас қазып, табыс тауып жүр дегендердің тірлігі бейнетке толы. Бастысы,жастар жұмыссыз емес, әркім өз ыңғайына қарай еңбек етуде. Соның ішінде, билік адамның жұмысын жеңілдететін техникасы бар фирмаларды, жоғары бағада тас қабылдайтын алымсақтарды тартып, таз қазушылардың жұмысын заңдық тұрғыдан жүйелеп берсе, бұл қоршаған ортаның тоз-тозы шықпауына, адамдардың қауіпсіздігіне, табысынан мемлекетке салық төлеуіне оң септігін тигізер еді.