Жақында Елордада «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 31 жылдығына орай жыл сайынғы автошеру ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік байрақпен жабдықталған 40-қа жуық жеңіл көлік және 10 шақты мотоцикл, сондай-ақ, Астана қаласының еріктілері мен автоволонтерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау, Отанға, еліміздің мемлекеттік рәміздеріне деген патриотизм мен сүйіспеншілік сезімін арттыру. Қазақстанның Мемлекеттік Туы бар 40-қа жуық көлік Мемлекеттік рәміздер алаңынан ЭКСПО аумағы арқылы Абылай хан даңғылымен Отан қорғаушылар алаңына дейін жүріп өтті.
Жиынға АвтоМото федерациясының президенті Анатолий Бондарь қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
«Біз үшін бұл ауқымы жағынан да, маңызы жағынан да ерекше мереке. Түрлі клубтардан жиналған автокөлік әуесқойлары еліміздің туын қала ішінде алып жүру үшін жиналады. Бұл біздің азаматтарды шабыттандырудың және оларға мерекелік көңіл күй сыйаудың ерекше тәсілі, өйткені осы тақырыпқа арналған автошерулер ылғи да әсерлі өтеді», – деді Анатолий Бондарь.
Ic-шараны автоволонтерлер мен Lada granta club, JDM generations, W202, Cerato club, Camry family, Skoda club, Drive club секілді өзге де автоклуб өкілдері қолдады.
«Мұндай автошерулерге біздің клуб бірнеше жылдан бері қатысып келеді. Біз ылғи да қаладағы әртүрлі мәдени іс-шараларды қолдаймыз. Мемлекеттік рәміздер күні – бұл өте маңызды, ерекше шабыт беретін мереке, сондықтан бұл күнді ерекше түрде өткізетінімізге қуанамыз. Мемлекеттік Туы бар автошерулер – менің жылдағы сүйікті іс-шараларымның бірі», – деді Lada Granta Astana автоклуының өкілі Вера Колодий.
Айта кетсек, көліктер шеруі қаламызда 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
https://turkystan.kz/article/225334-astanada-avtosheru-otti/