Орал қаласындағы Ахмирова көшесінің жолы «Саудагер» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің күшімен жөнделді. Аманаттықтар шамамен 10 млн теңге қаражат жинап, мердігерлерді жалдады. Асфальт бар болғаны бір күн ішінде төселді.
Жолдың нашарлығын айтып жергілікті тұрғындар жылдар бойы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырған еді. Алайда олардың проблемасына тек «AMANAT» партиясы құлақ асты.
«Осында тұрып жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде бірде-бір рет жол салынбады, жөндеу де жүргізілмеді. Көктем мен күз маусымдарында балаларымыз да, көше тұрғындары да балшық кешіп жүреміз. Ал жазда шаң, есік-терезелерді ашу мүмкін емес. Бірнеше рет жергілікті атқарушы органдарға бардық, бірақ ешқандай өзгеріс болмады. «AMANAT» партиясына барғаннан кейін ғана мәселе шешімін тауып, жол салынды. Партияға рақмет», – деді Орал тұрғыны Райса Бақтыгереева.
Тұрғындардың өтініші қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаты Нұргүл Ашықоваға жетіп, ол бірден азаматтардың өзекті мәселесін шешуге атсалысқан.
«Ахмиров көшесінде тұратын партия мүшелері – кәсіпкерлер тобы бірігіп, өз қаражатымызға асфальт төсеттік. Бұл қаламыздың орталығы саналғанымен, соңғы 20 жылдан астам уақыттан бері ешқандай жөндеу көрмей, тоз-тозы шығып жатқан көшелердің бірі болатын. Осылайша ауызбіршілігі жарасқан кәсіпкерлерден құралған «AMANAT» партиясының «Саудагер» бастауыш партия ұйымы мүшелері бірігіп, халық үшін игілікті іс жасады», – деді депутат.